Нұр-Сұлтанда симфониялық оркестр XXII концерттік маусымның шымылдығын ашты

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі өзінің XXII концерттік маусымын ашты, деп хабарлайды Хабар 24 қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Концерт Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының үлкен залында өтті. Ұжымның көркемдік жетекшісі – Берік Батырхан және бас дирижер – Ернар Нұртазин көрермендерге қызықты бағдарлама ұсынды.

Бүгінде бағдарламаларының әртүрлілігі мен симфониялық оркестрдің орындалуының жоғары деңгейі музыка сүйер қауымға ерекше кеш сыйлауда. Тыңдармандар симфониялық оркестрдің орындауында ХХ ғасырдың ұлы композиторы – Игорь Стравинскийдің Firebird балетінің музыкасынан, атақты француз композиторы – Морис Равельдің вальсі мен сюитасын тыңдап ерекше әсер алды. Орыстың ұлы композиторы Петр Чайковскийдің әйгілі «Рококо тақырыбындағы вариацияларды» виртуоз виолончельші – Ермек Құрманаев орындады.

Сондай-ақ, кеш бағдарламасында қазақтың талантты композиторы – Шырын Базарқұлованың скрипка мен оркестрге арналған композицияларын белгілі скрипкашы Динара Базарбаева-Сахаман орындады.

Айта кету керек, музыкалық кеш санитарлық нормалар мен карантин талаптарын сақтай отырып өтті.