Шалғайдағы ауылдарға су қашан жетеді?

Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 процентін таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет. Президент Жолдауында айтылған игі жаңалықты, әсіресе, Қызылорданың шалғай елді мекен тұрғындары зор ықыласпен қабылдады. Өйткені өңірде әлі күнге дейін толық шешілмеген мәселелер бар.

Шиелі ауданының 23 ауылы Жиделі топтық су құбырынан және жетеуі оқшау ұңғымадан су алып отыр. Ал Қызылқайың, Қосүйеңкі және Ақтам елді мекенінің тұрғындары құдықтан тартып немесе бұлақтан тасып ішеді. Жеті баланың анасы Роза Көшкінбаева күні бойы су таситын көлікті қарайлап жүреді. Өйткені құдықтың түбіндегі су апта өтпей сарқылып қалады.

Роза Көшкінбаева, ауыл тұрғыны:

– Бұл мәселені пәлен жылдан бері айтып келе жатырмыз. Ауданның әкімі де, ауылдың әкімі де келді. Ешқандай нәтиже жоқ.

Сала мамандары Қаратау бөктеріндегі бұл ауылдарды топтық су құбырына қоспай, өзінен ұңғыма қазуды дұрыс деп ұйғарыпты. Жерасты суы сараптамадан кейін жарамды болып танылып, қазір жоба-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр екен.

Дана Аман, Шиелі аудандық түкш бөлімінің басшысы:

– Әзір қаржысы белгісіз. Экспертизаның нәтижесін күтіп отырмыз ғой. Сараптама шыққаннан кейін бюджеттік өтінім береміз. Қаржы мәселесі шешіледі деп ойлаймыз. Оған анау айтқандай қаражаты көп бола қоймайды. Себебі шағын ауылдар. 30 шақты үйлерден әрқайсысында 1-2 көше әрі кеткенде. Аудандық бюджеттің шамасы келе қоймауы да мүмкін. Облыстық бюджеттің шамасы келіп қалатын шығар.

Сүттіқұдықтағы Тақыркөл бас су қойнауынан Жиделі топтық су құбырына тәулігіне 6 мың тонна су жіберіліп тұр. Бірақ жалғыз желі арқылы. Егер ол бұзылса, аудан халқының сусыз қалуы мүмкін. Сондықтан қосымша тармақ жүргізу қажет. Оған тағы 1 миллиард 258 миллион теңге керек.

Төрахан Оқап, Жиделі топтық су құбыры өндірістік бөлімше басшысының орынбасары:

 – Шиелі аудандық бюджетінен жоба-сметалық құжаты жасалынып, ол қорғалды. Биылғы жылы тендерін жариялап, мердігер анықталды дегенді естуіміз бар. Енді басталады құрылысы. екі желі іске қосылса ешқандай судан қысымдық көрмейміз.

Жалпы статистика бойынша аудан тұрғындарының 97%-і таза ауызсумен қамтылған. Президент тапсырмасына сай таяу арада ауылдарды толық орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосу жобаларына басымдық берілмек.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев