«Болашақ» бағдарламасының түлегі онкология саласында тер төгіп жүр

«Болашақ» бағдарламасының түлегі Талғат Құрманов онкоурология саласында тер төгіп жүр. Жылына бес жүздей операция жасайды. Білікті маман елдегі медицина сапасын арттыруға ден қойған. Ол үшін Америка мен Еуропаның нәтижелі тәжірибесін енгізуде.

Елімізде жыныстық обыр дендеп барады. Жыл сайын Талғат Құрмановтың жетекшілігімен 500-дей операция жасалады. Кейіпкеріміз 2015 жылы Америкадағы Питсбург университетін тәмамдады. «Болашақ» бағдарламасының түлегі елдегі онкоурология саласын дамытып жүр. Оның айтуынша, ісік аурулары жас талғамайды. Кәріге де, жасқа да бірдей қауіпті.

Талғат Құрманов, Ұлттық ғылыми онкология орталығының Бас онкоурологы:

– «Болашақ» бағдарлама өзіме өте көп мүмкіндік берді. Мен біраз кісілермен таныстым. Солармен нешетүрлі ғылым жасап жүрміз. Қиын ситуацияда, қиын науқастар болса, кеңес алып, соның дұрыс емін жасап жүрміз.

Рысқали Сәдуақас білікті урологты арнайы іздеп келіпті. Сырқаттанып қалған жұбайының жайсыз күйіне алаңдағанын айтады. Тәжірибелі маман қос қарияға да көңіл бөліп, батасын алды.  

Рысқали Сәдуақас, қала тұрғыны:

– Қазақстаннан ғана білім алмай, әлемнің ең жақсы білім ордаларына барып, оқып келіп, еліне, халқына еңбек етіп жатқан жігіттерге үлкен рахмет. Осындай сенімді деген азаматтарға келіп емделгенде өзі әр жағында күмән болмайды, уайым болмайды.

Талғат Құрманов білімін жетілдіруден жалықпайды. Сол еңбекқорлығының арқасында америкалық урологтар, сондай-ақ жоғары біліктілік санаты бар еуропалық онкоурологтар қауымдастықтарының мүшесі атанған.

Талғат Құрманов, Ұлттық ғылыми онкология орталығының бас онкоурологы:

– Арасында ауыр ота жасаймыз. Бүйректің ісігі, қуық ісігі. Қолымыздан келгенше көмектесеміз. Менің ең бірінші міндетім деп ойлаймын шетелге бармай, өзіміздің ҰҒО, өзіміздің ауруханаларда емделуге болады. Біздің қазір мен ғана емес, коллегаларымыз да осындай ота жасай біледі.

«Болашақ» бағдарламасының негізгі мақсаты осы емес пе? Әлемнің үздік тәжірибесін елімізге енгізу. Біздің маманды әлемнің мойындауы екі есе жетістік.

Айнұр Кәрібозова, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті:

– Вирусология, иммунология, реабилитология, инфекциялық аурулар, сонымен қатар онкокардио, нейрохирургия сияқты басымды мамандықтар осы жылғы тізімге енгізілді. Біздің түлектеріміздің арасында 785 медицина, денсаулық сақтау саласындағы түлектер болса, оның 545-і дәрігерлер. Олар жылына 2013 мың күрделі оталар жасаған.

Талғат Құрмановтың ғылым әлеміндегі орны бөлек. PhD докторының 40-тан астам мақаласы жарық көрген. Ол Қазақстанда алғашқылардың бірі болып донорлық бүйректі лапароскопиялық тәсілмен алуды меңгерген маман.

Авторлары:Мерей Мұратханқызы, Диас Қобланбаев