Тәуелсіздік жылдарында онкология саласы толағай табысқа жетті

Ертіс өңірінің дәрігерлері Тәуелсіздік жылдары қол жеткізген мол табыстарымен мақтана алады. Солардың ішінде медицинаның маңызды салаларының бірі – онкологиялық қызметтің қарқынды дамуы.

30 жыл ішінде қатерлі ісіктерді дер кезінде анықтап, заманауи тәсілдер қолданысқа енгізілді. Ал емдеу мен диагностика халықаралық стандарттарға теңестірілді. Нәтижесінде жыл сайын мыңдаған адам қауіпті дерттен айығып жатыр. 

Гүлнар Кәрімова – 29 жылдық тәжірибесі бар маман. Екібастұз медициналық училищесін тәмамдағаннан бері онкологиялық диспансерде еңбек етуде. Радиология бөліміндегі заманауи құрал-жабдықтарды меңгеріп, әріптестерімен бірге науқастардың өміріне араша болуда.

Гүлнар Кәрімова, облыстық Онкологиялық диспансер радиология бөлімінің маманы:

– Бөлімшемізде 50 маман еңбек етеді. Дәрігерлер, медициналық инженерлер, радиологтар, медбикелер. Әрқайсысы – өз ісінің шебері. Біліктіліктері жоғары. Бүгінде заманауи құралдармен жұмысі стейміз. Сәулелі терапияның алдыңғы қатарлы технологияларын меңгердік. Осылайша, ауруға шалдыққан адамдарға дер кезінде көмек көрсетеміз.

 Тәуелсіздік жылдары қатерлі ісіктерді емдеу саласында білікті кадрлар шоғыры қалыптасты. Биыл Павлодар облысының окнологиялық қызметіне – 70 жыл. Осы уақыт аралығында мамандар талапқа сай келмейтін ғимаратта жұмыс істеуге мәжбүр болды. Тәуелсіздік жылдардағы басты жетістіктердің бірі – жаңа диспансер. 200 орындық емхана, күндізгі және тәулік бойғы стационар, операциялық, радиологиялық блоктар. Барлығы 15 корпус. Нысан бұрынғы диспансерден төрт есе үлкен.

Осыдан бір жыл бұрын қатерлі ісік 2400 адамнан анықталса, қазір екі мыңнан аспайды. 70 адамнан ісік анықталды. Қуантарлығы, патологиялардың барлығы ерте кезеңде белгілі болды.

Галина Мирнова, науқас:

– Осында жатқаныма оныншы күн. Сүт безінің ісігі анықталды. Бақытыма орай, дер кезінде байқалды. Операциядан соң жағдайым жақсы. Еш жерім ауырмайды. Дәрігерлерге алғысым шексіз.

Онколог-дәрігерлер сәулелі терапиянің көмегімен көлемі бір сантиметрден аспайтын ісікті де анықтайды. Желілік үдеткіштің көмегімен ағзаның өзге бөлшектері зиянды сәулелерден қорғалады.

Айта кетейік, үдеткіш-қатерлі ісіктерді емдеудің алтын стандарты. Тәуелсіздік жылдары азинвазивті, яғни, денені кеспей-ақ жасалатын операциялар қатары артты. Бүгінде олардың үлесі 45 проценттен асады.

Сергей Борисенко, облыстық Онкологиялық диспансердің бөлім меңгерушісі:

 – Он жыл бұрын ауруханаға келген әр бесінші адамның қатерлі ісігі асқынып кетсе, бүгінгі көрсеткіш екі есеге азайды. Яғни, ерте диагностика деңгейі артты. Он жыл бұрын есебімізде сегіз мың адам тұрса, бүгінгі көрсеткіш – 12 мың адам. Демек, ауру ерте анықталып, ерте емделеді. Осылайша, өмірлерін ұзартып, сапалы ем алу мүмкіндігіне ие.

– Бұл дер кезінде жүргізілген скринингтік тексерулердің нәтижесі. Жыл басынан бері обырдың үш бойынша жүз мыңнан астам зерттеу жүргізілген. Барлығы дерлік ерте кезеңде анықталды. Демек, ауруды жеңуге болады. Мамандардың мәліметінше, 10 жыл бұрын бір жылда төрт мың адам емделіп шықса, бүгінде 6300-ден астам науқас сырқатынан айыққан.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков