426,32 492.05 5.98
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

«Хабар 24» тілшісі бір күн криминалист қызметін атқарып, тергеу барысын көрді

  • 133
  • UPD: 10:46, 18.09.2021

Оралда жыл басталғалы мыңнан астам ұрлық дерегі тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жәбірленушінің көбі көліктегі заттарын ұрлатқан. Қылмыс қалай ашылады? «Погонды журналист» жобасы шеңберінде аймақтағы тілшіміз бір күн криминалист қызметін атқарып, тергеу жұмысының барысын  көрді.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Мен бүгін криминалист қызметін атқаратын боламын. Арнайы форманы кидім. Дәл қазір көлікті тонау дерегі бойынша хабарлама келіп түсті. Мән-жайды анықтайтын боламын.

Оқиға орнына бара жатырмыз. Менің жанымда тергеуші мен жедел уәкіл бар. Барлық құрал-сайманды алдық. Оның ішінде жанымызға жақыны фотоаппарат қана.

Жәбірленуші:

- Таңмен 7-де тұрдым. Сонда көрдім. Есігін ашып кеткен.

- Түнде нешеде қойдыңыз?

- Кеше 11-де қойдым кешкі.

Ең алдымен оқиға болған жерді мынадай лентамен қоршауымыз керек. Себебі дәлелдер жоғалып кетуі мүмкін.

Талғат Махамбетов, қалалық ПБ Жедел криминалистика бөлімшесінің бастығы:

- Ал Еркебұлан, оқиға болған жерге келдік. Осы жерде деген аяқ киім ізі бар, машинаның ізі бар, темекінің қалдығы бар. Сол жерлерге номерок қоямыз. Машинаның есігіне 1 қоямыз. Бұл ұры кірген жері. Екіншісі, мына темекінің қасына қоямыз. Енді осыны фотоға түсіру керек.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Ұрының саусақ іздерін табу үшін есікке мынадай арнайы ұнтақты жағамыз. Мінекей, саусақ іздері пайда болды. Енді саусақ іздерін көшіру үшін мынадай жапсырғышты қолданамыз. Қажетті үлгі алынды. Қорғаныш қабатын кері жапсырамыз. Енді темекі қалдығын аламыз. Қылмысты ашу үшін осындай ұсақ-түйектің барлығы да маңызды.

Жиналған деректерді, міне, тергеушіге тапсырдық. Оқиға орнынан 5 саусақ ізі табылды. Темекі қалдығы және тағы бір көліктің ізі табылды.

Талғат Махамбетов, қалалық ПБ Жедел криминалистика бөлімшесінің бастығы:

- Күніне орташа есеппен 25-30 қылмысқа группа шығады.

- Көлік тонау дерегін ашу үшін қанша уақыт керек?

- Біз деген криминалист маманы деген ұрлықты ашу үшін 4-6 сағатта күдіктіні тауып ала аламыз саусақ ізімен.

- Көбіне қазір қандай қылмыстар көбейіп кетті?

- Қазір көбіне ұялы телефон ұрлығы көбейіп кетті. Автобусқа мінген кезде ұрланады. Сосын (тұрғындар) машинаға өздерінің заттарын тастап кетеді. Мысалы, барсетканы тастап кетеді, машинасын кілттемей қалады. Сол кезде ұрлық болып кете береді.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Көлік тонау дерегі бойынша күдікті белгілі болды. Ал жыл басталғалы бері облыста 1486 ұрлық дерегі тіркелген. Оның 878-і анықталды. «Былтырғы жылмен салыстырғанда қылмыс азайып келеді», дейді мамандар.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы