Семейде университет студенттері үшін жатақханадан орын алу жеңілдеді

Бұрын қағаз толтырып, анықтама жинап уақыт жоғалтатын жастар енді арнайы мобильдік қосымша арқылы өтініш бере алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы әдіспен 800 студент баспана мәселесін шешіп алған. Әлі 300-ден астам орын бар. Ол үшін осы университеттің түлегі ойлап шығарған қосымшаны ұялы телефонға жүктеп алу керек. Карантиндік шектеулерге байланысты жатақханадағы сақтық шаралары да күшейтілген. Бүгінде жоғары оқу орнында 4 мыңнан астам студент дәстүрлі сабақ жүйесіне көшіп, білім алып жатыр.

Айдос Төлеуханов, Жоғары оқу орнының жастар саясаты бөлімінің басшысы:

- Алыс аймақтан, оңтүстіктен, батыстан келетін «Серпін» бағдарламасы арқылы келетін жастарымыз ол жақтардан ерте келмей-ақ, сабақ басталған кезде ғана келіп, осы қосымша арқылы тіркеліп, жатақханаға орналасып, солай бір жүйелі істі қалыптастырып жатырмыз. Болып жатқан іс-шараларымыздың барлығын онлайн түрде жеткізіп отырамыз. Яғни іс-шараға қатыса алмаған студент болсын, не болмаса оқытушы болсын осы қосымшаға кіріп, мобильдік қосымша арқылы болып жатқан іс-шараның барлығын сайт сияқты бақылай алады.