Қостанайда Қажы Қорғанұлының жаңа туындысының тұсаукесері өтті

Қостанайда қазақ телевизиясының көрнекті ардагері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қажы Қорғанұлының жуырда жарық көрген «Кеудесі ағалардың алтын сандық» атты кітабының тұсау кесері өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туындының кейіпкерлері кезінде өзі тілдесіп, сұхбат алған парасат биігімен, адамгершілік асыл қасиеттерімен танылған еліміздің белгілі тұлғалары. Кітапта олардың қызмет, өмір жолы ғана емес, көпшілікке беймәлім кейбір тұстары баян етіледі. Оқыста айтатын уытты сөздері мен шуақты әзілдері келтірілген. Сондықтан жеңіл оқылады, әрі терең әсерге бөлейді. Кітаптың тұсаукесеріне автордың журналист әріптестерімен бірге туындыға арқау болған кейіпкерлердің ұрпақтары да қатысты.

Қажы Қорғанұлы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері:

- Тоқсан тоғыз телевизиялық кейіпкерім осының ішінде бар. Тоқсан тоғыздың бес-алтауы ғана жер басып жүр. Қалғандары о дүниелік болып кетті. Димекеңнен бастап бес-алты шопан қыздарым бар. Бұл кісілердің ғибратты, үлгілі сөздерін ғана қысқартып жаздым эссе жанрында. Осы жазғанымды киінгі жастар оқыса екен, біліп жүрсе екен, біліп жүрсін кімнің кім екенін. Сол мақсатта жаздым.