Алматы облысындағы Ақсу ауданының тұрғындары қалыпты өмірге орала бастады

Алматы облысының Ақсу ауданында тұрғындардың барлығы вакцина салдырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нәтижесінде індет тарау көрсеткіші төмендеп, жергілікті халық қалыпты өмірге орала бастады.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Нұрғайша апай мен Бағдәулет ағаның отасқанына 50 жылға жуықтаған. Жұптары жазылмаған ерлі-зайыпты екпені де бірге салдырды. Содан кейін ғана Алматыдағы балаларына барып қайтқан. Қазір олар бұрынғы өмір салтына оралып, немере-жиендерін бағып жатыр.

Нұрғайша Мәденқызы, Суықсай ауылының тұрғыны:

- Былтырғы жылы жетінші айларда қатты болды ғой. Сол кезде қорқыныш болды ғой. Туған-туыстардың өлген қазасына бара алмай, балалар да әркім өз үйінде отырып, қорқыныш болды. Вакцина алғаннан кейін қорқыныш сейіліп, бәріміз баратын жерімізге барып, ақырын-ақырын қонаққа барып, кісі шақырып, сөйтіп жатырмыз. Ешқандай қорқыныш жоқ.

Ақсу ауданында Суықсай сияқты 17 ауылдық округ бар. Олардың әрқайсында стационарлы екпе салу пункттері жұмыс істейді. Сонымен қатар шалғай ауылдар үшін 2 жылжымалы кешен қызмет көрсетіп жатыр.

Гүлжан Қуатқызы, дәрігер:

- Егер бұрында күніне 45-50 адам келсе, бүгінгі күні бірінші турға 10-15 адам келеді. Өйткені көбісі бірінші турды қойып тастаған. Қазір екінші турға наплыв болып жатыр.

Аудандағы 38 мыңнан аса адамның 20 мыңнан астамы екпе салдыруға жарамды деп танылған. Бүгінгі күні барлығы да вакцина алды. Нәтижесінде аймақта эпидемиологиялық жағдай тұрақтала түскен.

Ғазиз Есжанов, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары:

- Бізде өсім жоқ. Қазір екі жетілікті алсақ, бізде он бір жағдай ғана. Былай айтқанда, біз «жасыл аймақта» десек болады. Осы нәтижесі. Бұл осы вакцинацияның нәтижесі деп ойлаймыз.

Алматы облысында бүгінгі күнге дейін 725 мың адам вакцина алған. Бұл екпе алуға болатын азаматтардың 66%-і. Жалпы өңірде 1 млн бір жүз мыңнан аса тұрғынның иммунитетін жасанды жолмен күшейту көзделген.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев