Елордада Атырау және Жамбыл облыстарының жәрмеңкесі өтіп жатыр

Атырау және Жамбыл облыстарының тауар өндірушілері елордалық жәрмеңкеге 330 тоннадан астам өнім әкелді.

Қала тұрғындары ет, балық, сүт және шұжық өнімдерін, сондай-ақ көкөністер мен жемістер сатып алды. Жәрмеңке екі күн бойы өтеді. Қос облыстың өкілдері өнімнің бағасы базардағыдан 10-15 процентке төмен деп сендірді. Алайда қала тұрғындары кей өнімдердің бағасы айтарлықтай арзан емес екенін айтады. Мәселен, уәде етілген 350 теңгенің орнына бір келі алма 500-550 теңгеден сатылып жатыр.

Қайрат Аманов, Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Қазір өздеріңіз білесіздер жиын-терін науқаны. Соған байланысты біздің кәсіпкерлер өз өнімдерін тікелей делдалсыз өткеру мақсатында өздері жеткізіп, саудалауда. Енді қымбат дегенде  жалпы өздеріңіз білесіздер биылғы жылы барлығының бағасы көтеріліп жатыр. Жанар жағармай дегендей. енді өткен жылмен салыстырғанда рас қымбаттау. Бірақ енді шаруалардың да шығынын ойлауымыз керек.

Қайрат Нұрлыбаев, Атырау облысы әкімінің орынбасары:

- Атырау облысы бұл жәрмеңкеге 152 тоннаның үстінде өзінің өнімдерін алып келді. Оның ішінде 36 тоннадан астам балық және балық өнімдері. 20 тоннадан ет және ет өнімдері, 3 тоннадай сүт өнімдері. Астана халқын жәрмеңкеге шақырамыз. Бүгін-ертең, бізде екі күн жәрмеңке өтеді.