Түркістандық шаруалар қысқа шөп қорын жинап жатыр

Түркістандық шаруалар қыстың қамына кірісті. Бір жағынан қуаңшылық, екінші жағынан қымбатшылық қысса да жем-шөптің бағасына қарамай сатып алуға мәжбүр. Қазір олар қолда бар малды аман алып қалу үшін суармалы алқапта өскен жоңышқаны жинап жатыр.

Еске сала кетсек, аймақтағы шаруалар маусымда жиналған шөптің бір бөлігін елдің батыс өңіріне жөнелткен еді.

Биыл Ордабасы ауданына қарасты Бадам ауылындағы «Жақсылық» шаруа қожалығы 300 гектар жерге жоңышқа мен жүгері еккен. Алғашқы екі орымда гектарына 350 түкке дейін өнім алыпты. Алайда биыл қуаңшылыққа байланысты жем-шөптің шығымы жылдағыдай болмағанымен шаруалар шөптің шыққанына риза.

Серік Сахыпбек, шаруа:

- Биыл сәл құрғақтау болып келді жыл. Дегенмен, өнім жаман болмады. Әйтеуір су сәл тапшылау болды. Гектарына 300-350 түк жоңышқа алдық. Жоңышқаны біз мал шаруашылығымен айналысатын шаруаларға саттық.

Жалпы Ордабасы ауданында жайылымды қоспағанда 33 мың гектар суармалы жер бар. Оның жартысынан астамына жоңышқа егілген. Көптің көңіліне демеу боп отырғаны да осы. Әрі бұл дақыл суды аса қажет етпейді.

Керімбай Махатұлы, кооператив директоры:

- Бұрын егетінбіз, мынау жерді тыңайтуға. Қазір енді шөп азығын дайындауда халықта көлемі көбейді жоңышқа егуден. Бұл жоңышқа өнімі суды аз тілейтіндіктен келешекте бұдан да көбейтеміз ба деген планымыз бар.

Ауданға бір қысқа 291 мың тонна мал азығы қажет. Алайда биыл жаз ыстық, қуаңшылық болғандықтан алдағы қыстың қалай болары белгісіз. Сондықтан шаруалар артығымен 310 мың тонна мал азығын дайындаған. Қолда бар жоңышқаның қажеттісін жинап, артығын көрші аудандарға сатып жатыр. Былтыр жоңышқаның бір түгі 400-500 теңге болса, биыл 1500 теңгеге дейін қымбаттап кетті. Ордабасылықтар қуаңшылықтан қысылған батыс өңірлеріне де шөп жөнелтіп үлгірді.

Қыдырбай Сейітқұл, Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары:

- Біз жалпы Ордабасы ауданынан 110 тонна мал азығы Маңғыстау облысына жіберілді. Бірінші, екінші орым алыс, жақын аудандарға кетті. Қалған осы үшінші, төртінші орым өзіміздің ауданның тұрғындарына төменгі бағада алуға жұмыс жасадық. Қазіргі жинақталған мал азығының барлығы ауданға толық қамтамасыз етіліп отыр. 

Сондай-ақ ауданда «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» арқылы арзан бағамен 56 мың тонна жем сатып алу жоспарланып отыр. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы