«Алтынемел» табиғи паркіне браконьерді аңдуға мүмкіндік беретін құрылғы тарту етілді

«Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағы енді әуеден бақыланады.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының еліміздегі өкілдігі қорық қызметкерлеріне квадрокоптер тарту етті. Видеокамерамен жабдықталған дрон 500 метр биікке көтеріліп, бір сағат бойы ұша алады. 15 шақырымға дейін қашықтан басқарылады. Күндіз де, түнде де таспаға түсіреді. Лазерлік өлшеуіш арқылы нысанаға алынған заттың тұрған жерін дәлме-дәл көрсетеді. Заманауи техника өрт шыққан жағдайда оның ауқымын анықтауға да мүмкіндік береді. Дронның көмегімен көктемгі санақ кезінде жабайы жануарларды үркітіп алмай, олардың санын есептеуге де мүмкіндік бар.

Адай Омархан, «Алтынемел»  мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторы:

- Браконьерлікке қарсы өте жақсы құрылғы. 8 километр жердегі көліктің номерін, адамның түрін немесе оның қай жерде орналасқанын, нақты GPS координатасын бізге көрсете алады. Яғни біз 8 км арақашықтықта отырып, браконьердің нақты орынын, оның қалай қарай жүретінін немесе не жасап жатқанын көре аламыз.