Таразда соғыс ардагері Р.Сұлтанбековтің мерейтойына орай марафон өтті

Спорттық шара соғыс ардагері Ратай Сұлтанбековтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылды. Оған қала тұрғындары, жастар, тіпті зейнеткерлер де қатысты. Марафон салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.

Ұлы Отан соғысының ардагерін еске алуға арналған шараға 100 шақты адам қатысты. Олар қала орталығынан ҚР Тұңғыш Президенті саябағына дейін жүгіріп өтті. 2400 метр қашықтықты еңсеріп, алғаш болып келген желаяқтар қалалық спорт бөлімі тарапынан марапатқа ие болды.

Оксана Борисюк, қалалық спорт бөлімінің басшысы:

- Бұл іс-шараның бұқаралық маңызы зор. Жүгіруге кез келген ниет білдірген адам қатыса алады. Патриоттық тәрбиемен қатар салауатты өмір салтын қалыптастыруда орыны ерекше. Қазір бұл шараны дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр.

Спорттық шара конференцияға жалғасты. Оған майдангердің туған-туыстары, жастар, жазушылар мен БАҚ өкілдері қатысты. Онда батыр туралы түрлі деректер келтіріліп, естеліктер айтылды.

Седеп Қамбарбекова, Р. Сұлтанбековтың немере қарындасы:

- Жастайынан алғыр болған деп отыратын әкем. Содан Отанды қорғап өзінің ерлігімен артына өшпес із қалдырған адам. Даңқын шығарсақ дейміз. Жастарға үлгі ғой. Отансүйгіштікке тәрбиелейді. Екіншіден, ерлікке тәрбиелейді.

Кенішбек Сұлтанбеков, Р. Сұлтанбековтың немере інісі:

- Өзінің полктағы, армиядағы азаматтар «Наш Бауыржан» деп сөйлейді екен. Көрдіңіз бе?! Екі апта бұрын хат жолданды. Архивте жатқан бүкіл делосын берсін деп жатырмыз. Бірінші күннен бастап соғыстан өтті, соның бәрін сұрап жатырмыз. Амандық берсе, бұл кісі жайлы үлкен деректер, мағлұмат аламыз деп ойлаймын.

Ратай Сұлтанбеков Ұлы Отан соғысында батальон басқарған санаулы қазақтың бірі. Ол сауаттылығы мен қайсарлығының арқасында небәрі 21 жасында батальон командирі болған. «Қызыл жұлдыз», «ҰОС бірінші және екінші» дәрежелі ордендерінің иегері. Ол 1945 жылы Берлин қаласына 40 шақырым қалғанда «Одер» әскери операциясына қатысып шайқас кезінде мерт болған. Батырды еске алу шарасы дәстүрлі түрде өткізілмек. Осы арқылы оның ерлігін өскелең ұрпаққа дәріптеу көзделіп отыр. 

Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Сондай-ақ...