Талғар ауданындағы ауылдардың жері кеңес дәуірінен қалған химикаттармен уланған

Алматы облысының Талғар ауданына қарасты 5 ауылдың тұрғындары экологиялық қиындыққа тап болды. Кеңес Одағы кезінде мұндағы қоймаларда зиянкестерді жоюға арналған химиялық қоспалар сақталған. Мұның үстіне дұрыс көмілмеген пестицидтер топыраққа сіңген көрінеді. Осыған байланысты ауыл азаматтары денсаулығына алаңдап отыр. 

Руслан Болатбаев екі жыл бұрын Талғар ауданындағы Қызылқайрат ауылынан жер телімін сатып алған. Бірақ жерді бұрын пестицидтер сақталған қоймаға жақын орыннан алғанын кейін біліпті. «Сатқан адам да ол ақпаратты жасырып қалды»,- дейді.  

Руслан Болатбаев, Қызылқайрат ауылының тұрғыны:

- Жасыл мен сары түсті болды жердің түсі қазған кездегі топырақтың түсі, иісі шығып тұрды жаман иіс шықты. Анау жердегі құдықтан сондай иіс шықты. Сол енді не істейміз, тұрамыз енді бала-шағамызбен, қайда барамыз, қазір заман қиын. Жерді мына болашақта бетондап тастаймыз, ештеңе екпейміз, болмайды негізі мүлдем.

Ауылдың бұрынғы тұрғындары болса ескі қоймадағы химиялық қалдықтардан хабардар. Айтуларынша, қолқаны қауып тұратын күлімсі иіс жауыннан кейін күшейіп кетеді екен. 

Серікбек Ыдырысов, Қызылқайрат ауылының тұрғыны:

- Комиссиялар тексереді жылда жерден топырақ алып арнайы, солар міне тексерді, көп жеуге болмайды бәрі жарамсыз дейді. Мына жерден шыққан өнімдерді жеуге болмайды, зиянды дейді денсаулыққа. Ал енді оны егіп жемесек, жер үйде болған соң кішкене егіп, суын пайдаланбасақ қалай күн көреміз. Алда қалай болады.

Қызылқайрат ауылында екі қойма болған. Оларда кеңес кезеңінде зиянкестерді улайтын пестицид қоспалары сақталыпты. Кейіннен жер телімдері жекешелендіріліп, жаңа қожайындары химиялық заттарды әртүрлі жолмен жойған. Ғалымдар 2003 жылы пестицидтері бар ескірген қоймалардың тізімін жасаған. Сол кезде Алматы облысында 64 қойма анықталған. Онда жалпы көлемі 335 тонна қауіпті зат болған. Талғар ауданы бойынша Амангелді, Бесқайнар, Белбұлақ, Қызылқайрат және Еңбекші сынды 5 ауылда зерттеу жасалып, қауіпті деп танылған.

Бақытжан Бекманов, Генетика және физиология ҒЗИ директорының орынбасары:

- Хлорорганикалық пестицидтер сосын ауыр металдар бұлар адамның организміне өте зиянды. Мұны әлемдік ғылыми ғалымдар бірнеше рет дәлелдеген. Қазіргі кезде бұл пестецидтердің жалпы адам организмінде әртүрлі мультифакторлы аурулар дейміз, оның ішінде әртүрлі онкологиялық ісік аурулары, әртүрлі жүрек-тамыр аурулары, әртүрлі аутоиммунды аурулар тағы басқалардың дамуына тікелей әсері бар.

Ғалымдар аталған елді мекендегі топырақ, су, өсімдік және жануарларды да зерттеген. Мысалы, Бесқайнар ауылындағы көкөніс пен жемістердегі химиялық қалдықтың үлесі 500 есеге, еттің құрамында 600 есеге көп. Ал Қызылқайрат ауылында пестицидтің 24 түрі кездескен және шекті нормадан он мың есе артық шыққан. Ғалымдар экологиялық қауіпті анықтап қана қоймай оны жою жолдарын да ұсынып отыр. Соның бірі пестицидтермен қоректенетін арнайы өсімдіктер немесе микроағзалар өсіру.

Бақытжан Бекманов, Генетика және физиология ҒЗИ директорының орынбасары:

- Әртүрлі микроорганизмдер арқылы немесе микроорганизмдер деструтурлар дейді оларды. Олар сол пестецидтерді өзіне қорек ретінде қолданады да сол аймақтағы топырақты залалсыздандырып, тазалайды. Әрине оған бірнеше уақыт керек, бір жыл, екі жыл салыстырмалы түрде.

Ал Алматы облыстық аумақтық инспекциясы осы жылдың 24 мамырында арнайы жұмыс тобын құрып, зерттеу жүргізіпті.

«Нәтижесінде ешқандай химиялық қалдық табылмады», - дейді.

Өйткені олардың айтуынша, пестицидтер 2005 жылы жойылыпты.

Саят Сақмолдин, ҚР АШМ Алматы облыстық аумақтық инспекциясының басшысы:

- Пестицидтердің 33 тоннасы 2005 жылы Қостанай облысындағы көмінді арқылы жойылған. Оған дәлелдеу құжаттары, актілері бәрі қолымызда бар. Кеңес одағы кезіндегі қоймалардың бәрі анықтап, зерделенді. Нәтижесінде ешқандай улы химикаттар және оның қалдықтары табылған жоқ.

Алматыдағы генетика және физиология ғылыми зерттеу институты Жамбыл ауданындағы Қарақастек пен Үмбетәлі ауылдарында зерттеуді бастап кетті. Ғалымдар мәселені шешудің екі жолы бар дейді. Бірі жерлерді мемлекет балансына қайтарып, қоршап қою. Екіншісі биоэнергетикалық өсімдіктерді өсіру. Мысалы, мискантус синенсис. Ол шөп пестицидтерді бойына сіңіріп, жерді тазалайды екен.

Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев