«Үздік бизнес жоба»: ауылда кәсіп ашамын деушілерге ақша беріледі

Балқантаудың фермерлері «үздік бизнес жобаға» байқау жариялады. Жеңімпазға қайтарымсыз қаржы беріп, кәсібін дөңгелетуге көмектеспек. Егер қанат-қақты жоба нәтижелі болса, жылына екі мәрте өткізу жоспары бар. Мақсат – ауылға қажетті қызмет көрсету орындарын көбейту. Ауыл азаматтарының бұл бастамасын аймақтағы тілшіміз Ардақ Асылханұлы көріп қайтты.

Әсел Жұмаділова Балқантау ауылына алты жыл бұрын көшіп келген. 4 баланың анасы қол қусырып отырмай, аядай ғана үйінің бір бұрышынан шаштараз ашады. Қазір аптасына шамамен 10-15 адамның шашын қияды.

Әсел Жұмаділова, Балқантау ауылының тұрғыны:

– Осы жер маған ыңғайсыз. Үйде бала бар дегендей. Есіктің алдында кішкентай зданиям тұр. Соны ремонттап, сол жаққа жеке шаштараз салонын ашайын деп едім ауылға.  Грант ойнатылып жатқаннан кейін бірінші рет қатысып көрейін бір жағынан, екіншіден оборудование алайын дегенмін. Қазір перспективам көбейіп жатыр. Жан-жақтағы ауылдан уже келіп жатыр маған клиенттерім.

Бұл жолы Әселге кәсібін кеңейтуге үлкен мүмкіндік туып тұр. Балқантау ауылының 14 фермері бірігіп, «үздік бизнес жобасына» байқау жариялады. Жеңіп шыққаны 700 мың теңге көлемінде грант алмақ. Талап біреу – қатысушы міндетті түрде ауыл азаматы болуы тиіс. Әзірге құжаттарын өткізген Әсел ғана. Бірақ шаруа қожалық жетекшілері қайтарымсыз қаржыны алғысы келетіндердің қатары көбейетініне сенімді.

Берік Көшенов, фермер:

– Шаруа қожалықтарына керегі токарлық цех, дөңгелек жөндеу, шеберхана. Ал халыққа шаштараз, тігін цехы керек. Жұмыскерлер арнайы киім тігіп берсе. Сондай жұмыстарды қолға аламыз десе, оның бәрін біз қарастырамыз.

Фермерлер келешекте гранттың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Себебі ауыл үшін аса тиімді жобаға осындағы 28 шаруа қожалықтың барлығы қатысуға ниетті екен.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев