Саумал коронавирустың алдын ала ма?

Түркістан облысының шаруалары саумал саудасын қыздырып жатыр. Таулы аймақтағы шаруашылықтарға ұлттық сусын ішуге келетіндер көбейген. Төле би ауданының шаруалары осы мүмкіндікті пайдаланып, сауықтыру кешендерін ашып жатыр. 

Қоғалы ауылдық округіне қарасты Диханкөл елді мекеніне саумал іздеп келетіндер көп. Бірі буын мен асқазан ауруына шипа іздесе, енді бірі иммунитетті көтереміз деп алыстан арнайы келеді. Гүлбаршын апа да денсаулықты дұрыстап, дерттен құлан таза айықсам дейді.

Ал Лесгүл апа коронавирус жұқтырмаудың амалын істеп жүр. Ол үшін имунитетті көтермек. 

Лесгүл Ермаханбетова, Түркістан облысының тұрғыны:

– Коронавирус дегенге байланысты барлық жерде қазір саумалды ішіңдер деп жатыр ғой. Қыздар барып, қолмен сауып әкеледі. Апаларының барлығына бір-бір кесе құйып береді. Ол дегенің таза ем ғой ем. Ол ағзаны тазартады. Өзімізді жақсы сезініп отырмыз, көңіл-күйімізді де көтереді. Демалып отырмыз, рахмет, айналайындар.

 

Гүлбаршын Сатаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Аяқ-қолымыз қақсаушы еді. Денсаулығымыз да қиындап кеткен еді. Енді кәрілік те бар бір жағынан. Ауырғаны қойып, қазір жақсымын. Асқазаным ауыратын еді. Тамақ іше алмайтын едім. Үш мезгіл тамақ ішіп жатырмыз. Өте тамаша. Жастарға рахмет. Қартайғанда өз аяғымызбен жүргенге не жетсін.

Диханкөл елді мекенінде 300 ден астам үй, 2 мыңға жуық халық бар. Мұндағы әр төртінші үй қымыз дайындауды кәсіп етіп алған. Нәтижесінде тәулігіне 3 мың литр бие сүтін саудалап, табыс көлемін еселеп отыр.

Қайрат Қыпшақов, Төле Би ауданының қоғалы ауылдық округінің әкімі:

– Мұндай үлкен көлемде қымыз өндірісімен айналысып жатқан елімізде ауылдар кемде-кем шығар. Өйткені ауылымыздың 80%-і осы қымыз өндірісімен айналысады десем, қателеспеймін. Халықтың барлығы осындай табиғи өнімдермен емделуге, осындай табиғи дүниемен сауығуға ыңғайланып жатыр. Ауылдың кәсіп жасаймын деген азаматтары дәл осындай үй іргесінен саумалмен сауықтыру орталықтарын ашып жатыр.

Себебі жаңа сауылған бие сүтіне сұраныс көп мұнда. Айтуларынша келушілер Атырау, Ақтау, Орал мен Ақтөбе қаласынан арнайы ат басын бұрады. Қызылорда мен Түркістан облыстарының да тұрғындары жиі келеді екен. 

Нұрболат Әбілдаев, кәсіпкер:

– Диханкөлдің атын бүкіл Қазақстан біледі десем де болады. Барша шеттен келіп, Атырау болсын, Ақтау болсын Батыстан келіп үйді сұрап жатады адамдар. Тек қана ковид басталғанда емес оның алдында 2016 да да адамдар толды. Осы ауылдың бәрін әр үйді паналайды саумалы ішейік деп. Осы жердің қымызы жақсы деп.

Медицина мамандары  саумал мен қымыздың адам ағзасына пайдасы туралы көп айтады.  Құрамында  дәрумендер мен минералдар көп-дейді дәрігерлер. Биологиялық белсенді қоспалары ағзаға тез сіңіп, түрлі ауруды алдын алады. Бірақ оны негізгі  ем ретінде қолдану қате түсінік екендігін айтады.

Жанар Қантаева, дәрігер-кардиолог:

Негізгі ем ретінде қолдана алмаймыз. Себебі ауру асқынып тұрған кезде медициналық мекемеге жүгіну керек болады. Ол қалпына келі үшін әрі қарай имунитетті нығайту үшін күш-қуат алу үшін таптырмас сусын болады.

Жергілікті тұрғындар  ұлттық сусынның артықшылығын жылқының тау етегіндегі емдік шөпке жайылуымен байланыстырады. Қазір Қоғалы ауылдық округінде осындай төрт саумал - сауықтыру орны бар.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов

Сондай-ақ...