Батыр аналардың жағдайы жасалған ба?

Қоғамда, жалпы тіршілікте рөлі ерекше мейірімді жаратылыстың алдында адамзаттың парызы көп. Сол міндетті бүгінгі ұрпақ орындай алып жүр ма? Ақ жаулықты асыл жандардың қамсыз өмір сүруіне қандай жағдай жасалған? Тілшіміз жауап іздеп көрді.

40 жыл шаруашылықта еңбек еткен Аманкүл әжей күнделікті күбі пісіп, немерелерін тек қолдың құрт-майы, қатық-айранымен тойдырады. Кеңшар жұмысына жегілсе де 10 рет құрсақ көтерген кейуана 44 жасында зейнетке шыққан. Бірақ бейнеттен бас тартпай Жалағаш ауданының ауыл шаруашылығын өрге сүйреуге атсалысқан батыр ана бала-шағасын да еңбекке баулып өсірді.

Мемлекеттен алатын 130 мыңдай зейнетақысы мен алтын алқаға берілетін 20 мың теңге шамасындағы жәрдемақысын кейуана осы немере, шөберелеріне жұмсайды. Ешкімге алақан жаймай және бала туғанымызды міндетсінбей-ақ 8 қыз бен 2 ұлды оқытып, жетілдірдік. Ендігі тілейтініміз ұрпақтың амандығы дейді,-71 жасты толтырған әжей.

Аманкүл Мейірманова, батыр ана:

– Әр бала өз несібесін ала келеді дейді. Сол рас екен. Өйткені балдарды туғаннан мен жамандық көрген жоқпын. Үлкенінен қалғанын кішісі киеді. Қыздардың киімі көп болады ғой, бірінікін-бірі киіп жүре береді. Батамды берейін. Мен сияқты Батыр ана болыңдар, басқаның керегі жоқ. Қыздарыңды қияға, ұлдарыңды ұяға қондырып отырсаң, сонан артық ешқандай бақыт жоқ.

Батыр ана мемлекеттен үй алған емес, оны сұрап шенеунік-атқамінерлердің алдына барған емес. Бірақ жергілікті әкімдік пен билік партиясының өкілдері мерекелерде елеп-ескеріп тұрады екен. Көңіл шіркін соған риза.

Қаншагүл Мұстафаева, «Nur Otan» Партиясы жалағаш аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Аудан бойынша көпбалалы отбасылар саны 1200-дің үстінде. Соның ішінде 300-ден аса алтын алқа, күміс алқа иегерлері 600-ге жуықтап қалды. Өмірдің қиын жағдайына тап болып қалған аналар кездесіп жатады. Отын түсіруге мүмкіндігі жоқ жағдайлар болады. Оған отынын түсіріп беруге «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында қол ұшын созып көмектесіп отырамыз.

Ал Шиелі ауданында көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту үшін 168 миллион теңге бөлініпті. Бұл қаржыға 20 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін кезекте тұрған отбасылар үйелмелі-сүйелмелі бала-шағасымен жаңа тұрғынжайға қоныс аударады. Одан бөлек «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан 18 пәтерлік 4 көпқабатты үйдің құрылысы да бітуге жақын.

Ғалымжан Серікұлы, Шиелі аудандық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– 72 отбасыға беру жоспарлануда. Оның ішінде 24 пәтері 3 бөлмелі, 48 пәтері 2 бөлмелі ретінде қарастырылған. Осы жоба 2021 жылдың қазан айында пайдалануға беріледі.

Сыр өңірінде 2 мыңнан аса батыр ана, 5 мыңға жуық «Алтын алқа», 10 мыңдай «Күміс алқа» иегері бар. Оларды қолдауға арналған қаржы жыл сайын ұлғайтылуы және жайлы тұрмыс кешуіне бағытталған игілікті шаралардың нәтижәсінде демографиялық көрсеткіштің қарқынды өсіп жатқаны байқалады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев