426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Жетісай ауданында тұратын көп балалы Сүттібаевтар отбасын жұрт ерекше құрметтейді

  • 193
  • UPD: 18:34, 19.09.2021

Жетісай ауданына қарасты Жылысу ауылындағы Сүттібаевтар отбасын жерлестері жақсы таниды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Берекелі үйелмен көпке үлгі. Биыл 80-ге келген Зәуре әже 13 құрсақ көтеріп, 11 баланы тәрбиелеп жеткізген. Батыр ананың қыздары мен келіндері де үбірлі-шүбірлі болып, түтін түтетіп отыр. Аналар күні қарсаңында бірлігі жарасқан әулетпен тілшіміз жүздесіп қайтты.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Жылысу ауылында тұратын Сүттібаевтар отбасын жұрт көп балалы әулет деп ерекше құрметтейді. Себебі бұл отбасының әр мүшесі көп балалы. Ал шаңырақтың ұйытқысы – Зәуре әже бұл әулетке 15 жасында келін болып түсіп, 13 құрсақ көтерген. Жолдасы бір үйдің жалғыз баласы болғанын айтады. Сондықтан ата-енесіне де қарап, ерінің де жағдайын жасап, бала-шағасын да бағып, барлығына үлгеруге тырысқан. Өзі ата-анасыз жетім өскендіктен жастайынан бейнетті көп көрген. Толғағы келгенде бір-екі баласын үйде, ат арбаның үстінде босанғанын айтады.

Зәуре Сүттібаева, көп балалы ана:

- Кішкентайымнан келіп қара жұмыс істедім. Жаяу келіп егіз де, тудым, жалқы да тудым. Құдайдың берген 13-ін тудым, 11 бар. Құдайға тоба! Әуелі Алла, одан кейін ата-енемнің арқасында болғам. Қызым деуші еді мені. Бір балам екеу болды деп, мынау бала болғанда жылады. Әр босанған сайын бір балам екеу болды, үшеу болды деп жылаған кемпір-шал. Сөйтіп жүріп өскенмін.

«Алма ағашынан алысқа түспейді» демекші, бұл әулеттің қыздары мен келіндері де ана жолын жалғап, көп балалы отбасыға айналған. Зәуре әже қазір бес қыз, алты баласынан 75 немере, 26 шөбере, 6 шөпшек сүйіп отыр. Қолындағы кіші келіні Сапаркүл де көп балалы. «Егер ата-ана өз парызын дұрыс атқарса, бала да перзенттік міндетін мінсіз орындайды. Балаң ұятқа қалдырмасын десең, дұрыс ата-ана бол», - дегенді енем үнемі айтып отырады», дейді.

Сапаркүл Шорабекова, келіні:

- Бұл әулетке алтыншы келін болып түстім. Алдымда 6 абысыным, бес қайынағам бар. Сол кісілердің жолымен, ең алдымен енемнің тәрбиесін алып келемін. Үйреткендерін өмірімде пайдаланып, қолданып келемін. Енемнің ақылы үлкен мектеп. Той-томалақ болса, бір тойдың қызметін өзіміз-ақ атқарып тастаймыз.

Айта кетейік, Жетісай ауданында Сүттібаевтар әулеті сияқты 16 мыңға жуық көп балалы отбасы тұрады. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі көп баласы бар аналардың саны 8 мыңға жуықтайды. Бұдан бөлек, 369 батыр ана, 1700-ге жуық алтын, 5 мыңнан аса күміс алқа иелегерлері бар. Ал 749 ана I-II дәрежелі Ана даңқы ордендерімен марапатталған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы