425,63 492.05 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Елорда саябақтарында «Алтын күз» концерті өтті

  • 119
  • UPD: 20:26, 19.09.2021
Елорда саябақтарында «Алтын күз» концерті өтті фото: astana.gov.kz

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы елордада «Алтын жүрек» ескерткішінің маңында және Орталық саябақта қала тұрғындары мен қонақтарына арнап «Алтын күз» концертін өткізді.

Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

Филармония директоры Ерлан Дакеновтің айтуынша, күздің осы бір соңғы шуақты жылы күндерінде қала қонақтары мен тұрғындарына карантин режимін сақтай отырып, демалыс күндерін мерекелік көңіл-күйде өткізуге ат салысу – өнер ұжымының мақсаты болған. Төл мәдениетіміз бен ұлттық өнеріміздің жауһар жырларын үнемі насихаттайтын филармонияның бұл концерті Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Ашық аспан астында өткен шарада «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі, «Қорқыт» этно ансамблі, «Шалқыма» халық би ансамблі, «Әлем» эстрадалық би ансамблі, «Үрлемелі» оркестр артистері, «Халық ән» және «Классикалық және эстрадалық вокал» бөлімінің әншілері өнер көрсетті.

«Қазір пандемия кезінде көп жерде халық жабық мекемелерде концерттерге бара бермейді. Сондықтан далада осылай елорда филармониясының өнерпаздарымен қатар эстрадамыздың жарық жұлдыздары – Қанат пен Света Айтбаевтар, Естай Мұқашев, әнші Дос, көптеген жас әншілер халықтың көңілін көтеріп, өнерін көрсетуде», – дейді мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, филармонияның әнішсі Нұрбол Балапанов.

Қатысушылар достықтың ақ жалауын желбіреткен киелі ел, қасиетті өлке Қазақстан халқы мен елордалықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, бақытты өмір тіледі. Тұрғындардың бірқатары саябақтарда қыдырып жүріп, концерттің үстінен түссе, кейбіреулері паркте ойнап жүрген немерелерінен естіп, үйінен ерінбей келіпті. Араларында елордада тұратын балаларына қыдырып келген елорда қонақтары да көп болды.

Хабар 24 телеарнасы