Қазақстанның Қарулы күштері тосын жағдайға қаншалықты дайын?

Осыны тексеру әрі тәжірибе шыңдау мақсатында әскери бөлімдер мен құрамалар елдің батысы мен оңтүстігіне жіберілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқу-жаттығу аясында әскер техниканы алыс қашықтыққа жеткізу тәсілдері де пысықталады.

Оқу-жаттығуға жауынгерлік бөлімдерден жалпы саны 9 мыңдай адам, үш мыңға жуық қару-жарақ пен әскери техника, 66 ұшу аппараты мен сегіз кеме тартылған. Қарулы күштерді қажетті жерге жеткізу үшін тасымалдың түрлі тәсілі қолданылды. Яғни, темір жол, әуе қатынасы, тіпті азаматтық авиацияның мүмкіндіктері пайдаланылды.

Нұрлыхан Темірбеков, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы жедел басқармасының бастығы:

- Оперативтік штаттық жаттығу қарсаңында біз Тараздағы механиландырылған бригадамен және Гвардейсктағы танк бригадасымен екі сатылы, екіжақты оқу-жаттығуын өткізудеміз. Оқу жаттығудың маңызы бұл командирлердің тәжірибелерін арттыру. Екінші командирлердің жұмыс алгоритімін трансерфинг мағынасында оқыту.

Межелі жерге жедел жеткен бөлімшелер бірден аумақты инженерлік тұрғыда жабдықтады. Ал армиялық және майдандық авиация жедел әуе айлақтары мен Ақтау - Жаңаөзен тас жолының бойындағы ұшып-қонуға арналған учаскеге орналасты. Әскери-теңіз күштері Каспийдегі қорғанысты күшейткен.

Абай Жолдасов, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының штаб бастығы:

- Оқу-жаттығуды ұйымдастырудың басты мақсаты - бөлімше командирлерінің жеке құрамын жауынгерлік іс-қимылды ұйымдастыру, арнайы операция және қорғаныс кезінде бірлесе отырып, дұрыс шешім қабылдауға дағдыландыру.

Оқу-жаттығу барысында Қарулы күштер қолда бар мүмкіндігін тиімді пайдаланып, жауынгерлік міндетін орындауды жалғастырады. Оның қаншалықты жүйелі әрі сапалы өткенін Қарулы күштердің бас штабы бағалайды.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа