Қарағанды облысында тоғансыз ауыл тоқырап барады

Маңғыстауға туған күн өзгенің басына тумай ма? Биыл батыс аймақты тұралатқан қуаңшылық, келе-келе өзге өңірлерді де қыспаққа алмай ма? Басты қауіп осы.

Қуаңшылық елге қиындық әкелді. Батыс өңірде малдың ауызы көкке іліге алмай, көтерем болып қалды. Астықтың да шығымы төмен. Қысқа мал азығын дайындау да қиынға соғып тұр. Өйткені шабатын шөп аз. Мұның бәріне бір ғана себеп - су жоқ.

Жусаны мен көдесі қаулап өсіп, селеуі белден келетін Жаңаарқа ауданы да биыл қуаңшылықты анық сезінді. Бұрын осы уақытта шөпті маялап үйіп алатын шаруалар шығынның көбейіп кеткенін айтады. Өйкені шығым аз. Алқаптың шалғыға ілінбейтін тұстары да жетерлік.  

Сәкен ауылының тұрғыны:

- Осы проблема біздің ауылдың суы ғой, тоғаны. 2015 жылы бұзып кетті осы тоғанды. Содан бері малға бәріне қиын болып тұр. Ауылдың маңайында су жоқ. Құдықтан суарамыз. Оның суы көп малға жете қоймайды. Сол қиын болып тұр. Бұл шөпке де кедергі болып тұр.

Қуаңшылық бұрын да болатын. Бірақ ауыл-ауыл бір-біріне септесіп, болмаса өзге облыстан шөп тасып қысты өткізетін. Сөйтіп, көктемге жетсе малдың ауызы көкке тиіп оңалып кететін. Ал қазіргі қауіп басқа. Шабындық жылдан жылға сиреп барады. Өйткені далада ылғал азайды.

Балтабай Тұрғынбек, Сәкен ауылының тұрғыны:

- Айта-айта Алтайды Жамал апай қартайды деп. Өзі бес-алты жыл болды өзі. Құдықтан суарамыз. Құдықтың да суы нетіп бара жатыр. Малдың басы қазір үкімет көбейт дейді. Көбейп жатыр малдың басы, бірақ осыған су тапшы болып тұр. 

Бір ғана Сәкен ауылында ертеде 3 бірдей тоған болған. Бірақ тоқырау жылдары күтім болмаған соң су бұзып, кейін жөндеусіз қалды. Тіршілік нәрі барда айналасына көпжылдық екпе шөп, жоңышқа, жүгері өсетін. Су кеткен соң жер де жалаңаштана бастады. Шөбі малдың ауызына ілікпейді.

Сәкен ауылының тұрғыны:

- Бұл тоғанның суы болған уақытта маңайға жиі жауын жауатын. Қазір жаңбырдың өзі құрғақшылық болып кетті. Шөп шықпайды дұрыстап. Жаңбыр шақырады бұл су. Құрғақшылық болып тұр. Су жоқ. Мәселенің бәрі төркіні. Осы бір тоғанға ғана қарап тұрмыз ғой.

Елдің ендігі арманы осы тоғандарды қалыпқа келтіру. Егер бұлай жалғаса берсе шөпте шықпайды, далада мал суару да қиындай түспек. Елдің өтінішін ескеріп, аудан әкімдігі тоғанды жөндеуге уәде еткен. Бірақ бұл үшін құжаттарды рәсімдеп, тоғанды әкімдік балансына алу керек. Ал құжат дайындауда қағазбастылық мұрша бермей жатқан көрінеді. 

Елдос Абдірашидов, Жаңаарқа ауданы әкімдігі бөлім басшысының міндетін атқарушы:

- Мүліктік тіркеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта құжаттарының бәрін рәсімдеп, облыстық коммуналдық меншікке беретін боламыз. Өйткені ҚР бюджеттік кодексінің 54-бабына сәйкес, су шаруашылығы құрылыстарын күтіп ұстау, жөндеу облыстық деңгейде жүргізіледі. Соған сәйкес жылдың аяғына дейін құжаттарын бітіреміз. Ал жергілікті бюджеттен ондай бағдарлама қарастырылмаған. Күтіп ұстау жөндеуге.

Ауылда мал басын көбейтудің бір амалы суға да байланысты. Өйткені айдаладан құдық қазып, оған мотор орнату тым қымбатқа түседі. сондықтан мал баққан ағайын тіршілік нәрі үшін ауылдан ұзап кете алмайды. Сол себепті жауыр аттай болған осы мәселе тезірек шешілсе екен дейді ауыл жұрты.