Су тоғандарының мәселесін шешуге жауапты органдар бір-біріне сілтейді

Елде сусыз, орыны ғана қалған тоғандар жетерлік. Қарау болмаған соң көпшілігі жойылып кетті. Енді егістік суармақ түгілі мал ішер су таппай қалдық. Көп аймақтың басындағы жағдай бұл. Бірақ мәселені шешуге келгенде республикалық суға жауапты мамандар жергілікті билікке, ал аудандық әкімдік облысқа сілтейді.

Сөйтіп, бастарын алып қашқан жұрт. Мәселені шешуді биылғы Жолдауында президент те қадап айтты. Каналдар мен тоғандар, су қоймаларына күтім болуға тиіс.

Енді жалпы елдегі су қоймалары мен тоғандардың қазіргі жай-күйі қандай?

Елде су қоймасы, бөгет, канал барлығын қосқанда 7 мыңдай гидротехникалық  нысан бар. Оларға үш мемлекеттік орган иелік етеді. 5700-ден астамы республикалық баланста.

Бір мыңға жуығы коммуналдық мекемелердің қарауында. Яғни жергілікті әкімдіктерге тиесілі. 229-ы жеке меншікке берілген. Оларды күтіп ұстауға сол мекемелер жауапты. Оншақты гидротехникалық нысан иесіз жатыр. Бұл ресми ақпарат. Ал бұрын болып, кейін жоғалып кеткендерінің саны өте көп.

Ербол Салықбаев, «Қазсушар» РМК Эксплуатация және су пайдалану бөлімінің басшысы: 

- Біз тек өзіміздің теңгерімдегі нысандарға ғана жауап береміз. Тоғандардың бөлінуі әр түрлі себепке байланысты. Мысалы, кішкене тоғандар бар ауылдың аймағында орналасқан. Ол мал су ішетін, балық шаруашылығымен айналысатын. Олардың барлығы жергілікті атқарушы органға қарайды. Себебі негізгі мақсаты тұрғылықты жерге ғана арналған. Жергілікті атқарушы органдар өздігінше конкурс жариялап, балық шаруашылығына береді, мал шаруашылығына береді. Ол әкімшілікке бағынады.

Мамандардың айтуынша, елдегі  су қоймаларының басым бөлігі кеңес үкіметі кезінде салынған. Сондықтан көбінің тозығы жетті. Ал кейбірі тіпті жойылып кетті. Өйткені тоқырау жылдарында қараусыз қалды. Кейін жақын маңдағы ауылдар үшін қауіп төндірді. Топан су ескі қоймаға жиналып, елді мекенді басып қалуы мүмкін еді. Мұндай жағдай Қызылағашта болды да. Осындай жағдай қайталанбауы үшін кейбір тоғандарды әдейі бұзған. Нәтижесінде иесіз және қараусыз қалды. Бірақ кейінгі жылдары мемлекет оларды тіркеуге алып, қайта қалпына келтіре бастаған.

Досбол Бекмағанбетов, ҚР ЭГТРМ Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары:

- Егер де жаңағы бөгеттер халықтың әл-ауқатын жақсартуға экономикалық түрде пайдасын тигізетін болса әрине ондай бөгеттерді комиссиялық түрде зерделеп, без хозяина тіркеуге қойып, бір жылдан кейін сот арқылы коммуналдық меншікке алуға болады. Содан кейін техникалық-экономикалық негіздемесін жасап, әрі қарай жүзеге асыруға болады. Ақмола облысында көп жұмыс жасалды былтыр биыл, Атбасар ауданында, Есіл ауданында көп бөгет күрделі жөндеуден өткізіп іске қосылды.

Біріккен Ұлттар Ұйымының есебі бойынша 9 жылдан кейін әлемдегі су тапшылығы 40 процентке жетуі мүмкін. Сондықтан тіршілік нәрін барынша үнемдеп, су қоймаларын қазірден толтырмасақ кейін кеш болуы мүмкін. Бұл мәселеге президент те мән беріп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында 2025 жылға дейін елде 9 су қойма салынатынын мәлімдеді. Жұмыстар одан кейін де тоқтап қалмайды.

Досбол Бекмағанбетов, ҚР ЭГТРМ Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары:

- Ұлттық жоба бойынша 2030 жылға дейін 39 бөгет жоспарлануда. Президентіміздің тапсырмасы бар. Сол ұлттық жобаның ішіне кіріп тұр. Бұл бөгеттер біріншіден, бізде су тәуелділігі деген бар ғой. Қырғызстан Республикасымен, Өзбекстан Республикасымен, Ресей Федерациясымен. Сол тәуелділікті төмендету үшін жасалған.

Ал президент айтқан тоғыз су қоймасы Ақмола, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда  және Түркістан облыстарында салынады. Оларда жалпы көлемі 1,7 миллиард текше метр тіршілік нәрі сақталуы тиіс. Жобаның жалпы құны 51 миллиард теңге. Егер жүзеге асса 70 мың адам тұратын 20 ауыл су басу қауіпінен құтылады. Жаңадан 195 мың гектар жер айналымға қосылады және 20 мың жұмыс орыны ашылады. Дегенмен, әзірге мұның бәрі қағаз бетіндегі жоспар ғана.