Тбилисиге лай көшкіні қаупі төнді

Тбилисиде тағы лай көшкіні жүруі мүмкін. Мұндай жағдай көктемде де болған еді. Жол мамандары осыған байланысты жол мен көп қабатты тұрғын үй құрылысын тоқтатуға шақырды. Бірақ қала әкімдігі басқа пікірде.

Вашлиджвари тауында көшкін қауіпі көктемде туындаған. Биікте тереңдігі 18 метрге жететін жарықшақ пайда болып, ол күн сайын 5 сантимтрге ұлғайып келеді. Жақында тау бөктерінен басқа да жарықтар анықталды. Ғалымдар бұған осы маңдағы құрылыс жұмыстары себеп дегенді айтып, кез келген уақытта көшкін жүруі мүмкін деп қауіптеніп отыр.

Теа Годоладзе, Грузия Жерді зерттеу және ұлттық сейсмология орталығының директоры:

- Сәуір айында осы жерде жарықшақ пайда болып оны тазалап, топырақты шығарып тастады. Қазір де осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жерде 800 текше метр топырақ бар. Оларды қалай шығарады, түсінсем бұйырмасын. Мен көшкін жүруі мүмкін деп айтсам маған «қашан болады» деп сұрайды. Бірақ біз оны зілзала сияқты болжап дөп басып айта алмаймыз. Ол үшін жақсы бақылау жүйесі керек. Ал бізде ондай құрылғы жоқ.

Мамандар көшкінді тоқтату мүмкін емес деп отыр. Ал бұл мәселеге қатысты ғалымдар мен қала басшлығының пікірі екіұдай. Шаһар мэриясы бекініс мықты, жаңа салынып жатқан жол қауіпсіз дейді. Ал тау баурайында адамдардың өмір сүріп жатқаны қаперден шығып кеткенге ұқсайды.

Мака Парулава, тұрғын:

- Қазір тауда жарықшақтар қай жерде пайда болғанын, онда не істеп жатқанын білмеймін. Жергілікті билік ешқандай қауіп жоқ деп сендіріп бағуда. Біреуге бір нәрсе айтып дәлелдеу мүмкін емес. Көктемде қала мэриясы осы жерде адамдар тұрып жатқанын білсе де ешкім тұрмайды деп тырысқан еді. Әзер дегенде дәлелдедік.

Қазір жұмысшылар шұңқырдан шығарылған топырақты жақын маңдағы үңгірге тасып жатыр. Бірақ геологтар бұл да өте қауіпті екенін айтады. Себебі жаңбыр селдетсе лай көшіп, қаланың сол жағалауын басып қалуы мүмкін.

Дәурен Ақашұлы, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили