Ақтөбедегі саяжайлардың тоналуының алдын алу шарасы күшейтілді

Ақтөбенің бау-бақша ұжымдарында ұрлық-қарлықтың алдын алу шарасы күшейтіліп жатыр. Күзгі жиын-терім аяқталған соң қараусыз қалған саяжай үйлерін тонау көбейеді. Сондықтан полицейлер бағбандармен бірлесіп мәселені шешудің жолын іздемек. 

Михаил Малёвтың көлігінің екі дөңгелегі қолды болды. Бақшасына келген ол, темір тұлпарын әдеттегіше қақпа алдына қоя салған. Ал көлігіне ұры түскенін ертеңіне бір білген. Айтуынша, мұндай жағдай  жиі қайталанып тұрады.

Михаил Малёв, бау-бақша ұжымының жетекшісі:

- Біздің ортақ ақпарат алмасу алаңымыз бар. Егер ұрлық-қарлық бола қалса, сонда жазып, хабар алмасып отырамыз. Мәселен, жақында бір тұрғынның үйінен теледидар, телефон және планшетті алып кетті. Дереу бір-бірімізбен сөйлесіп, бейтаныс адамның аумақта болғанын анықтадық. Кейін учаскелік инспектор тауып ұстады.

Саяжай аумағын торуылдаған ұрылар Сагдиевтер отбасын да шығынға батырды. Екі жылдан бері жүрмей есік алдында тұрған жеңіл көлікті тапа-тал түсте алып кеткен. Полицияға хабарланып, іздеу салынған соң қаладағы металл қабылдау орындарының бірінен табылған. Оны тапсырған адам 24 мың теңге пайда көріпті.

Светлана Сагдиева, бағбан:

- 102 номеріне қоңырау шалғанымыз жақсы болды. Сол күні кешкісін бізге көлігіміздің қаңқасы табылғанын айтты. Тіпті күдіктілердің де ұсталғанын хабарлады. Бірақ біз таң қалатынымыз металл қабылдау орыны көліктің кімге тиесілі екенін де сұрамапты.

Полиция қызметкерлері алдағы күз бен қыста саяжай аумақтарында қауіпсіздікті күшейтпек. Себебі жаздай көкөніс пен жеміс-жидегін өсірген бағбандардың біразы үйлерін жауып, қалаға қайтады. Ал бұл ұрылар үшін қолайлы кезең. Сондықтан «Учаске» деп аталатын кезекті шұғыл алдын алу шарасы аясында бау-бақша ұжымдарына бас көңіл бөлінуде. Инспекторлар мен ұлттық ұлан жауынгерлері және волонтерлер бірлесіп, саяжай аумақтарын аралауды бастады. 

Қанат Әлиев, облыстық ПД Бастығының бірінші орынбасары:

- Жедел алдын алу іс-шарасының аясында учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен кездеседі. Солардың мәселелерін біледі. Соларды зерттейді бірге. Жергілікті өкілдерге, әкімшіліктерге береді сол мәселелерді шешу үшін. 500-ден астам қызметкер осы іс-шараға қатысуда.

Айта кету керек, бүгінде қала аумағында 400-ден астам бау-бақша ұжымы бар. Бұдан өзге мұндай шараны Қызылжар, Ақжар және өзге де ауылдарда жүргізу көзделіп отыр. Ал облыс бойынша биыл жыл басынан бері өңірде 1600-ге жуық ұрлық, 75 тонау дерегі тіркеліп, көбі ізі суымай ашылған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев