Қарағандыда өлке тарихына арналған танымдық сайт құрылады

Қарағандыда өлке тарихынан толыққанды мағлұмат беретін танымдық сайт құрылмақ. Оған аймақтағы археологиялық, архитектуралық ескерткіштердің барлығы енгізіледі, деп хабарлайды Хабар 24.

Сол тізімнің басында тұрған киелі жердің бірі – Ақтау бекінісі. Жаңарқа ауданының оңтүстік-шығысына қарай орналасқан Ақтау бекінісін 19 ғасырдың 30-шы жылдары Ресей империясы салған. Ондағы мақсат - Қарқаралы, Қараөткел, Ұлытау аралығындағы аумақты қатаң бақылауда ұстау, әрі осы маңнан өтетін керуеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болған. Алайда қарулы патша әскері жергілікті халықты қанап, тонап, күн көрсетпейді. Осыдан соң 1838 жылы қалың қол жинаған Кенесары хан қорғанды тас-талқан етіп, басып алған.

Темірғали Аршабеков, тарихшы:

– Шамасы 800-дей қолмен шапқан, мынау Ақтау жағынан келіп, 1838 жылы 25 тамызда таңғы 5-тің кезінде архивтік құжаттар бойынша. Олар Шығыстың көшпелілердің әскери тактикасын қолданған. Қазақ елінің Тәуелсіздігінің басталу тарихының бірі 1838 жылы осы бекіністі Кененсарының жаулап алуынан басталады.

Сегіз бұрышты бекіністің орыны әлі бар. Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енген. Ғалымдар келешекте өңірдегі осындай тарихи жерлер туралы толыққанды мағлұматты бір сайтқа топтастыруды жоспарлап отыр. 

Темірғали Аршабеков, тарихшы:

Мектепте қысқарып жатыр өлкетану бағдарламасы, үлкен жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы қысқарып жатыр. Сондықтан веб-сайт арқылы кішкене болса да әрбір өлкенің, оның тарихын, географиясын, генеалогиясын, топонимикасын, барлығын осы сайтпен беру. Жастар телефоннан көреді, олардың барлығын ақпараттық жүйеге жақындату.     

Ақтау бекінісі жайлы құнды құжаттар мен сол маңнан табылған жәдігерлер қазір Жаңарқа музейінде сақтаулы. Оны кейінгі жылдары осы маңда тұрған малшылар әкеліп тапсырыпты.  

Ерболат Шубаев, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

– Бес копейка, үш копейка, сосын солдаттардың түймелері, сол кезеңдегі қыз-келіншектердің таққан жүзіктері, сандықтардың тілі, құлпы, осы құнды жәдігерлер бар бізде музейде.

Ғалымдардың айтуынша, Ақтау бекінісіне осы күнге дейін арнайы экспедиция ұйымдастырылмаған. Егер қазба жұмыстарын жүргізсе әлі де талай құнды жәдігердің табылатынына сенімді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайоан Ақамбаев, Аслан Демесбаев