Түркістан облысының шаруалары қуаңшылық зардабын тартып отыр

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында бүтін бір ауыл халқы қуаңшылық зардабын тартып отыр. Шаруалар биыл қорасындағы малын қайда апарып жаярын білмей дал. Салдарынан жұрт қысқа дайындаған азын-аулақ жем-шөпке ауыз салғанын айтады. Бұлай жалғаса берсе, құрық ұстап қаламыз ба деп қорқады. 

Бөриевтер әулетінің ірі қарасы сүт бермек түгілі, орнында әзер тұр. Сиыр сүтін отбасының ас-ауқатына жаратып келген олар ендігі күніне алаңдаулы. Қыс түспей қиындыққа тап болдық дейді шаруалар.

Айнұр Бөриева,  Тасқұдық ауылының тұрғыны:

  Бала шағамыздың бәрін ағарғанмен осы айран сүтімен, құрт-майымен бағатын едік. Биыл құрт-май түгілі, айран сүтін де бере алмадық. Қолға қарап отыр. Өзі шиіттей бала-шағамыз бар. Бала-шағаның тамағын алып бере алмаймыз.

Бұған дейін Әлімтау ауылдық округіндегі шаруалар төрт түлігін жыл 12 ай жайып, қысқа қамдануды білмейтін. Тек қар қалың түскенде ғана 1-2 күн қолдан шөп беретінбіз, дейді. Биылғы қуаңшылық кесірінен жерде мал аузына ілінетін шөп болмаған соң ірі қара қыс түспей жатып, көтерем болды. 

Қошқарбек Жақыпов, Тасқұдық ауылының тұрғыны:

– Малдың жайы төмен. Жерде шөптің тамырын қазіп жеп жүр. Қыста жейміз деген азын аулақты қазір жеп жатырмыз. Қыс қысып берсе, малдан айырылады шаруаның бәрі. Базарға апарса өтпейді.

Тәжібай Алданов, Тасқұдық ауылының тұрғыны:

– Осылай кете беретін болса, бұл малдың қырылуына әкеп соқтырады. Одан кейін халықтың жағдайы сол малға байланысты ғой. Мал қырылса, ертең оның да күнкөрісі, барлық жағдайы төмендейді.

Шаруаларды қос бүйірден қысқан қуаңшылық салдарын жою үшін аудандық әкімдік мамандары көрші аймақтардан жайылым сұрап, келісімге келуді көздейді. Әзірге Шардара ауданы мен Арыс қаласынан мал жайып, қыстауға рұқсат алыпты.

Мадияр Тұрлыбеков, Сарыағаш аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Түркістан облыстық ауылшаруашылығы басқармасына 10 мың тонна жемге ұсыныс бердік.  Оның 4100 тоннасы – кебек. Азық-түлік коорпорациясынан төмендетілген бағамен алуға 1350 тонна арпа, 3600 тонна бидайға ұсыныс бердік. 

Айтып өтейік, қуаңшылыққа тап болған Әлімтау ауылдық округінде 4 мыңнан астам ірі қара мен 7 мыңдай қой және 1200 бас жылқы бар. Соның барлығын қырып алмай қыстан шығару үшін шаруалар қолдау көрсетуді сұрайды.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов