Маңғыстау облысына мал азығы арзан тарифпен тасымалданатын болды

Маңғыстау өңіріне мал азығы жеңілдетілген тарифпен тасымалданады, деп хабарлайды «Хабар 24».

1-ші қарашаға дейін бидай кебегі, құрама жем, арпа, астық қалдығы өзге аймақтардан арзан бағамен жеткізіледі. Мәселен, Қостанай-Маңғыстау бағыты бойынша бір вагонға стандартты тариф бұрын 420 мың теңге болса, енді 100 мыңға арзандады. Бұл облыс әкімдігінің сұранысына сәйкес, «Қазақстан темір жолы» компаниясы арасындағы келісіммен іске асады.

Асхат Кұлтанов,  облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

– «Маңғыстау ЖК бөлімшесі» филиалының станциясында республикалық қатынаста әмбебап меншікті вагондармен тасымалдау мынадай тәртіппен есептеледі: жүк және коммерциялық жұмыс қызметтерінің тарифтері; магистралды, станциялық жолдарда меншікті вагондардың аялдағаны үшін төлем 0,01 коэффициентін қолдана отырып есептеледі. 0,01 коэффициенті – төмендетілген жеңілдік тарифі, яғни 0,01 коэффициенті тасымалдаушының тізімінде көрсетілген жүктің санына көбейтіледі. Нәтижесінде жеткізілген тауардың ең төменгі есебі шығады.