Ақтөбелік алаяқ әйелге қатысты сот үкімі шықты

Ақтөбеде алаяқ әйел 3 жылға сотталды. Ол көршісінің атынан несие рәсімдеген.

Жәбірленуші көршісімен жақын араласып, жақсы қарым-қатыныста болғандықтан еш күдік тудырмапты. Көршісі оған коммуналдық қызмет ақысын төлеу үшін жеке құжаты мен банк картасын да берген. Алайда алаяқ көрші оның атына онлайн 12 несие рәсімдеген. Сан соғып қалған жәбірленуші қаржы ұйымдарына қарызы барын тек төлеу туралы хабарлама түскенде бір-ақ білген. Тағы екі адамның алданғаны анықталды.

Анар Айтжанова, облыстық соттың ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы

– Осылайша ол жәбірленушілерге жалпы сомасы 893 849 теңге материалдық залал келтірді. Сот қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жайларды, кінәлінің жеке басын, кәмелетке толмаған балаларының барын ескере отырып, Урдакуловаға 3 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.