Биыл мақта бағасы өсті

Биыл мақта бағасы өсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір Түркістандық шаруалар ақ алтынның бір келісін 250 теңгеден саудалап жатыр. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 100 теңгеге қымбат. Бұрын диқандар өңірдегі мақта өңдеу зауыттарына ақ алтынның келісін 120-140 теңгеден әзер өткізетін. Ол кеткен шығынды жаппай, шаруалардың ала жаздай еткен еңбегі далаға кететін. 

Мақтаарал мен Жетісай аудандарында мақта терімі басталды. Жергілікті диқан Мұрат Құрбанов биыл 60 гектарға алқапқа 120 күнде пісетін ақ алтынның дәнін сепкен. Қазір шаруа әр гектардан орта есеппен 30-35 центнерден өніп алуда. Бұл сұрыптың бір артықшылығы ішінде шиті көп. Әрі сапсы да жақсы, дейді шаруалар.

Мұрат Құрбанов, шаруа:

– Ішінде шиті көп екен, біздің жергілікті шиттен 2-3 шит артықшылығы бар. Одан кейін салмағы да жақсы. Осының бәрі үкіметтің қолдауымен болып жатыр. Уақытылы жанар-жағармай болып жатыр. Тыңайтқыш беріп жатыр.

Дәулет Жұрымбетов, шаруа:

– Су мәселесінен 4-5 жылдан бері қиыншылық көріп едік. Мәселе биыл жақсы шешіліп, Өзбекстанға барып, басшыларымыздың сумен келісіп жатқанының арқасында судан тапшылық көрмедік. Одан кейінгі мәселеміз тыңайтқышты биыл жеңілдетілген бағамен алып, 30 центнерден өнім алып отырмыз. Жылда 140 теңгеден аспайтын мақта бағасы биыл 250 теңгеге жетіп, диқандарымыздың бәрі қуанышты.

Биылғы қуаңшылыққа қарамастан мақталы аудандардың шаруалары ағын суды Өзбекстаннан тікелей достық каналы арқылы артығымен алғандарын айтады. Тыңайтқыш пен тұқымдық шиттен де таршылық көрмей, жеңілдетілген бағамен жанар-жағармайға қол жеткіздік дейді. Шитті мақтанның да бағасы көтеріліп, шаруалардың еңбегі еленіп жатыр. Биыл Түркістан облысының шаруалары 110 мың гектар алқапқа мақта дақылын екті

Нұрбек Бадырақов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Болжамдық есеппен 250 мың тонна шитті мақта жинаймыз деген болжамымыз бар. Өткен жылы бағаның бағасы тоннасына 150 мың теңгеден айналған. Қазіргі таңда мемлекет басшыларының осы салаға қолдауларының арқасында тоннасы 250 мың теңгеден қабылданып жатыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда тоннасына 100 мың теңгеге артық. Әрбір ауыл шаруашылық тауар өндірушілері орташа есепен гектарына 500 мың теңгеден таза табыс табуға қол жеткізіп отыр.

Айта кетейік, өңірдегі 18 мақта өңдеу зауытында 206 мақта қабылдау бекеттері жұмыс істейді. Олар күндіз-түні диқандардың алқап басынан жинаған өнімдерін қабылдап жатыр. Сонымен бірге облыстық бюджет есебінен Жетісай ауданындағы 241 шақырымды құрайтын 121 қашыртқыға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл өз кезегінде суармалы жерлердің ағын сумен қамтамасыз етілуін жақсартып, жер асты суын төмендетеді. Сондай-ақ егістіктің тұздануының алдын алып, мақта дақылының өнімділігін арттырады» дедйі мамандар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы