Батыс Қазақстан облысына 2,4 трлн теңге инвестиция тарту көзделді – Мамин

Батыс Қазақстан облысына 2,4 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Оның 80% жеке меншік капиталына тиесілі. Бұл туралы Премьер-Министр Асқар Маминнің Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында өткен кеңесте айтылды.

Үкімет басшысы өңірдің көлік, тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, агроөнеркәсіп кешені жобаларының іске асырылуын тексерді. Кешенді жоспарды орындау 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің көлемін жылына 205-тен 300 млрд теңгеге дейін арттырмақ. Премьер-Министр екі апта ішінде құжат жобасын Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізуді тапсырды.

Асқар Мамин Орал қаласындағы халықаралық әуежайды реконструкциялау барысымен танысты. Жоба жүзеге асса, жолаушылар қатары 2 есеге артады. Нысан жыл соңында пайдалануға беріледі.

Үкімет жетекшісі сондай-ақ «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй инфрақұрылымы барысымен де етене танысты.