426,14 492.05 5.99
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Түркі кеңесі елдерінің универсиадасы Қазақстанда өтетін болды

  • 134
  • UPD: 22:58, 20.09.2021
Түркі кеңесі елдерінің универсиадасы Қазақстанда өтетін болды

Түркі кеңесі елдерінің универсиадасы келер жылы Қазақстанда өтеді. Бұл жайында бүгін Ташкентте өткен Түркі кеңесінің жастар және спорт істері министрлерінің 5-ші отырысында айтылды. Іс-шараға қатысқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева елімізде жастарды қолдауға бағытталған жұмыстар жайлы баяндап, бірқатар бастама ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өзбектердің ұлттық құндылықтарға деген көзқарасы ерекше екені белгілі. Базарларда қыш-құмыралардан бастап, түрлі ұлттық нақыштағы  бұйымдар менмұндалайды. Енді бұл өнімдер қатарын қазақстандық брендтер де толтырмақ.  Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Болатхан Дамыс Түркі кеңесі жас кәсіпкерлерінің алғашқы форумында былғарыдан жасалған сөмкенің түр-түрін таныстырды. Мемлекеттің қолдауымен кәсібін  өрге домалатып отырған кәсіпкер енді көрші ел нарығына шықпақ ниетте.

Болатхан Дамыс, жас кәсіпкер:

– Кәсіпке келгенімізге 2-3 жыл болды. Аз ғана уақытта өнімімізді жан-жаққа таратып жатырмыз. Қазақстанның барлық өңіріне, сонымен қатар 5-6 мемлекетке шығардық. Өзбекстанға да біздің өнімдеріміз келіп жатыр. Жол картасы бойынша 5 млн теңге грант алдық. Енді қазір өндіріске керек құралдарымызды алып, кәсібімізді одан әрі қарай жүргізіп жатырмыз.

Ал цифрландыру саласында Орталық Азия елдері ішінде Қазақстан көш басында тұрғаны белгілі. Бұны бүгін Ташкентте қызылордалық жас мамандар тағы бір мәрте дәлелдеді. Әсетхан Баймұрза бастаған жастар электронды кітапхана жобасын қолға алған. Мақсат - мектептегі оқулықтардың жетіспеушілігі мәселесін түбегейлі шешу.

Әсетхан Баймұрза, бағдарламалау мектебінің құрылтайшысы:

– Бір ауылдарға мысалы кітап жетпей жатады. Соның біздің облыс орталықтары, министрліктегілер, жоғары жақта отырған басшылықтар кем-кетігін дұрыстап, сол жақтан порталдан қарап,  барлық жерге кітаптарды оңай үйлестіріп отыратын болады. Қазір 10 шақты жігіттер жасап жатыр. Жоба 90 процент дайын. Жабық күйде дайын тұр. Егер министрлік қолдайтын болса, қосатын боламыз.

Елімізде IT саланың жақсы дамып келе жатқанын, әсіресе жастардың үлкен қызығушылық танытып отырғанын, Түркі кеңесінің жастар ісі жөніндегі отырысында ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева да ерекше атап өтті.

Оған дәлел стартап идеяларға арналған «Астана хаб» базасының нәтижелі жұмысы. Осыны алға тартқан министр жиында 7 негізгі бастама ұсынды. Ең бастысы - NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау. Бүгінде Қазақстан 2025 жылға дейін осы санатқа кіретіндердің санын азайтуды мақсат етіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елде жастар индексі енгізіліп, кешенді жоспар қабылданған. Тәжірибелермен бөлісу үшін бауырлас елдер арасында ортақ жұмыс тобын құру қажет дейді министр.  Қазақстанның тәжірибесін пайдалана отырып, Аида Балаева түркі мемлекеттері жастарының даму индексін әзірлеу идеясын талқылауды ұсынды.

Аида Балаева, ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі:

– Пандемия кезінде барлық жастардың проблемалары өршігіп кетті ғой. Оның ішінде жұмыссыздық мәселелері. Әр елдің өзінің шешу жолдары бар. Бізге сол нәтиже жолдарын көру өте маңызды. Өйткені бізде де шоғырланған мәселелер көп қой. Сондықтан біз өзіміздің шешу жолдарын бір платформада көріп отыру, өзіміздің тәжірибемізбен алмасу. Озық нәтижелерін, тәжірибелерін өзімізге қабылдау мәселелері.

Отырыс қорытындысы бойынша министрлер әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Сондай-ақ Түркі кеңесі елдері арасындағы Универсиада Қазақстанда өтетіндігі белгілі болды. Ал көшпенділер ойыны болса, келер жылдың күзінде Түркияның Бұрса қаласында өтеді деп жоспарланған. Жиында Түркі кеңесі елдері арасында текболдан алғашқы турнир өткізу ұсынысы да айтылды.

Авторлары: Риат Шони, Санжар Шатуляганов

Хабар 24 телеарнасы