Есенгелді ауылының тұрғындары жұмыс берушіге ерегісіп, егінді жинатпай отыр

Өйткені астық ұрлаған ауылдастарын ұстап алған аграрлық серіктестікке наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал ұйымдасқан топ бидайды көлікке тиеп, шаруашылықтың элеваторына жеткізбей қолды қылып отырғанға ұқсайды. Енді кінәні мойындамақ былай тұрсын, егінді оруға сырттан келген комбайншыларды қырманға жолатар емес.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Жерде жатқан мына азаматтар – ұрлық үстінде ұсталған Атбасар ауданындағы шаруашылық жұмысшылары. Бәрі де Есенгелді ауылының тұрғындары. Қылмыстық топ бірнеше жылдан бері аграрлық шаруашылықтың өнімін қолды етіп келген. Серіктестікке тиесілі техникамен астықты жиған соң элеваторға апармай өз ауылдарына әкетіп сатуды әдетке айналдырған. Ым-жымы бір күзетші, механизаторлар, тіпті егістік басындағы есепші бригадир де бұған көз жұмады. Бес күн бұрын ұсталған азаматтарға аграрлық серіктестік шара қолданбақ болып, Атбасардағы полицияны шақыртады. Бірақ...

Виктор Галецкий, аграрлық серіктестіктің жетекшісі:

- Қызметкерлеріміз келіп, оларды тергей бастағанда, ауылдың бір топ жастары кеп оларды босатуды талап етті. Қолдарына темір-терсек ұстаған олар қырман басында ылаң шығарып, ақыры жіберді. Қырық кісіге қарсы үш полицей не істей алады? Біразын босатып жіберді, үшеуін алып кетті.

Виктор Галецкийдің айтуынша, бұл бірінші рет туындаған жағдай емес. Қол астындағы жұмысшылар бидайдан басқа жанар-жағармай, техника бөлшектерін де ұрлап келген. Оған қолға түскен мына бейнебаян дәлел.

Ауыл тұрғындары ұйымдасқан топтың жымысқы әрекетінен хабардар. Ол жөнінде тіс жармауға бекінгенмен, ара-тұра ұрлық жасайтындарын жоққа шығармады.

Блиц:

- Бұрын білдіртпей ұрлаған шығар. Бұл жолы оларды қылмыс үстінде ұсталғанын естідім.

Блиц:

- Білмеймін, естіген жоқпын.

Блиц:

- Ниче не слышала, я пенсионерка. Ничего не знаю. Они воровали, воруют и будут воровать.

Иә, тұрғындардың ләм деуге қорқатын жөні бар. Өйткені ұрлықшылармен бір ауылда тұрады. Үшеуінің қамаққа түскеніне қырсығып, топ мүшелері шаруашылықтың жұмысын атқарудан бас тартты. Қырмандағы егінді тездетіп жинау үшін аграрлық серіктестік комбайншыларды Солтүстік Қазақстаннан тартуға мәжбүр болды. Сорақысы сол, қылмыстық топ оларды да үркітіп, егіндікке жолатпай отыр. Салдарынан егін оралмай, қырмандағы жұмыс тоқырап қалды.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Бұл енді ақылға сыймайтын нәрсе ғой. Ауыл тұрғындарымен жұмыс жүргізуі керек қой?

Аманбек Қалжанов, Атбасар ауданының әкімі:

- Дұрыс айтасыз.

- Кім жүргізеді?

- Енді қазір жұмыс істеп отыр. Екі учаскелік полицей қазір бұзақылармен жұмыстар жүргізіп жатыр.

- Аудан әкімі ретінде сіз қандай шара қолдана аласыз?

- Заң шеңберінде ғана. Не істей аламын мен? Олармен барып төбелеспеймін ғой енді. Сондай қисық мінездері бар.

Рас, аудан әкімінің қылмыскерлерді жазалайтын құзыреті жоқ. Жымысқы әрекетке баратындарды заң жүзінде жазалау керек. Қандай жаза қолданылатынын білмек үшін аудандағы полиция бөліміне әдейілеп бас сұққан едік. Алайда ондағылар «жоғары жаққа ресми сауал жолдаңыздар» деп шығарып салды. Ауылдың учаскелік полициясына хабарлассақ, «нақты бұл іске хабарым жоқ» деп шорт кесті.

- Негізі бидай ұрлығы кеше басталған жоқ. Жылдар бойы жалғасып келе жатыр дейді. Бұл жөнінде енді хабарыңыз бар шығар?

- Мен осы ауылға жарты жыл болды ауысып келгеніме.

- Сонда жарты жылда естіген жоқсыз, білмейсіз?

- Жарты жылда... адамдармен сөйлескенде ондай болмаған дейді.

Шаруашылық басшылығы былтыр да жұмысшыларының ұрлығы үстінен түскенін айта кету керек. Ол кезде тұтас ауыл кешірім сұрап, ендігәрі мұндай қайталанбайды деп ант-су ішкен. Бірақ өткеннен сабақ алмаған сыңайлы. Ал аграрлық серіктестік болса шығын мөлшері 100 млн теңгеден асты деп отыр. Сондықтан бұл жолы кешіруі екіталай. Ендігі полицияның жедел әрекетіне үміт артып отыр.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Наурыз Базаров