БҚО-да жыл басталғалы бері мас күйде көлік басқаруға қатысты 717 дерек тіркелді

Жолда мас жүргізушілер көбейіп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Батыс Қазақстан облысында, былтырғы кезеңмен салыстырғанда әкімшілік-құқықбұзушылық 30%-ке артқан. Алайда алкотест қорытындысымен келіспей, өзінің кінәсіз екенін дәлелдеп шыққандар да бар. Өйткені полицейлердің де қызметін асыра пайдаланатын кезі болады

Тапа-тал түстегі түсірілім кезінде-ақ көлікті мас күйде жүргізген адамды кезіктірдік. Орал – Желаев трассасының бойында полицейлер жол ережесін бұзған жүргізушіні тоқтатқан еді. Құжат тексеру кезінде одан алкотест тапсыру сұралды. Медициналық талдау нәтижесінде нарколог-дәрігер жүргізушінің ішімдік ішкенін анықтап берді.

Рүстем Ғұсманов, взвод командирі:

- ҚР Әкімшілік-құқықбұзушылық туралы кодексінің 789-бабына сәйкес жүргізуші уақытша қамауға алынды. 608-баптың 1-бөлімі бойынша ол 15 тәулікке қамалуы және 7 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін.

Жыл басталғалы бері мас күйде көлік басқаруға қатысты 717 дерек тіркелді. Соның ішінде 115 адам екінші рет ұсталған. Олар бұрын темір тұлпар тізгіндеу құқығынан айырылғандықтан бұл жолы әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Кейбір жүргізушілер алкотест тапсырудан бас тартып, қарсылық көрсетеді. Мұндай жағдайда әкімшілік қамау 20 тәулікке дейін ұзартылып, көлік жүргізу куәлігінен 8 жылға дейін айырылуы мүмкін.

Ерлан Шомбалов, облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры:

- Бұрын талдау құрылғысының шкаласы 0,5-ті көрсетсе, жүргізуші айыпталмайтын еді. Ал қазір олай емес. Жаңа бұйрықта шкаланы мүлде алып тастады. Енді медициналық сараптамамен клиникалар айналысады. Полицейлер сол дәрігерлердің шығарған қорытындысын негізге алады. Кейбір жүргізушілер тест тапсырмай сытылып кетуді ойлайды. Алайда бұл айламен құтылмайды, керісінше, жағдайын қиындатып алады. Мұндай жағдайда қосымша акт толтырылады.

Медициналық талдау жасатуға жылына орташа есеппен 10 мыңға жуық жүргізуші келеді. Кейбірінің құқығы қорғалмай қалып та жатады. Әкімшілік сот судьясының айтуынша, кейбір полицейлер айыпталушының құқығын қасақана шектейді екен.

Ернар Халықов, Әкімшілік-құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соттың судьясы:

- Бірінші (медициналық) куәландыру өткеннен кейін (жүргізуші) келіспесе қорытындымен, онда сол тұлғаның қайтадан өтуге құқығы бар. Соны көп жағдайда полиция органдары, полиция қызметкерлері шектейді. Сол жағдай сот отырысында анықталып жатады. Қайталап куәландырудан өту, ол 2 сағаттың ішінде өту керек. 2 сағаттан кейін өткізуге болмайды.

Мас күйде көлік басқаруға байланысты қозғалған әкімшілік істердің 8-і тоқтатылған. Жүргізушілер тест қорытындысы теріс екенін дәлелдеп шықты. Олқылыққа жол берген 2 полиция мен 2 медициналық қызметкер жұмысынан босатылған.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов