Ақмола облысында 900 бала адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр

Ақмола облысында ата-анасы ішкілікке салынған мыңға жуық бала адам төзгісіз жағдайда өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жоқшылық қысқан жеткіншектердің алды қылмысқа барып, сол арқылы іні-қарындастарын асырауға мәжбүр. Бұл мамандардың сөзі. Енді осы мәселені біржақты шешуге күш салмаса, жағдай ушығып кетуі әбден мүмкін.

300-ден аса бала ата-ананың қарауынсыз жүрген. Ал, 42 жеткіншек түрлі қылмыс жасаған. Өңірде өткен «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасының нәтижесі осындай.

Ерболат Құсайынов, облыстық ЖПҚБ бастығының орынбасары:

- Балалар көбіне өзгенің мүлкін ұрлайды және бұзақылық жасайды. Жедел алдын алу шарасы кезінде 60 тұрмысы төмен отбасы және 50 бала тіркеуге алынды. Осы жылы 72 ата-ана бала тәрбиелеу құқығынан айырылды.

Жауапсыз әке-шешені ата-ана құқығынан айыру – ең ауыр және амалсыздан жасалатын шара. Құзырлы мекеме өкілдері оған дейін отбасы өкілдерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Дегенмен, ескертуді елемей бұрынғы әдетіне басатындар жетерлік. Сондай оқиғаның бірі Көкшетауда болды.

Көгершін Сейтқажина, психолог:

- Анасы төрт баласымен бір бөлмелі үйде тұрып жатты. Олардың оқуына ешқандай жағдай жасалмаған. 8 бен 13 жас аралығындағы жеткіншектер қараусыз қалған. Анасының ішімдік ішіп, бірнеше күнге жоғалып кететіні анықталды.

Елді елең еткізген оқиғадан кейін жасөспірімдер кәмелетке толмағандарды оңалту орталығына орналастырылды. Өңірдегі 700-ден астам бала осындай отбасында өсіп жатыр. Психологтар бұзақылықтың басым бөлігін қараусыз қалған жеткіншектер жасайды және олардың да құқығы жиі бұзылады деп отыр.

Көгершін Сейтқажина, психолог:

- Барлығы отбасына байланысты. Егер ата-анасы ішімдік ішетін болса, баласы да зиянды заттарға ерте жастан әуес болады. Яғни, бұл жерде балалармен ғана емес, отбасы мүшелерінің барлығымен жұмыс жүргізілу керек.

Жайсыз жанұяда зәбір көріп, таным түсінігі бұзылған балаларға кешенді психологиялық көмек көрсетілу керек. Ресми мәлімет бойынша өңірде 962 бала қиын жағдайда өмір сүріп жатыр. Өкініштісі сол, олардың қатары жыл сайын артып келеді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Аслан Әбуталіпов, Анатолий Полянный