COVID-19-тың Eta штамы Қазақстаннан анықталды

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус штамдарының айналымын анықтау жұмыстарын жалғастыруда.

Денсаулық сақтау министрлігі ағымдағы жылдың шілде-тамыз айларында КВИ науқастарынан алынған оң зертханалық үлгілерді секвенирлеу әдісімен коронавирустық инфекцияға генетикалық зерттеу жүргізді.

Секвенирлеу қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасында 96 үлгіде штамдар айналымы белгіленген (Delta «Үнді штаммы» - 57 (59,4%), Alpha «Британдық» - 24 (25%), «Ухань» коронавирусы - 10 (10,4%) және eta «Нигерия» - 5 (5,2%)). Eta «Нигерия» штамының айналымы 4 өңірде айқындалды (Қарағанды - 1, Маңғыстау - 2, Павлодар - 1, Нұр-Сұлтан - 1).

Eta штамының пайда болуы 2020 жылдың желтоқсанында белгілі болды, аурудың алғашқы жағдайлары Нигерия мен Ұлыбританияда анықталды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы 15 қыркүйектегі деректері бойынша Eta штамы әлемнің 77 елінде бөлінген, ДДҰ санаты бойынша «бақылауды» талап ететін штамдарға жатады.

Клиникалық белгілері Alpha (Британдық) және Beta (Оңтүстік Африка) штамдары (жоғары қызба, жөтел, иіс пен дәм жоғалту, ауыр ауру және т.б.) сияқты.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі әрбір қазақстандықты өз денсаулығын және жақындары мен туыстарының денсаулығын сақтауға қамқорлықпен қарауға шақырады. Инфекциядан және ауруханаға жатқызудан қорғаудың жалғыз тиімді әдісі - COVID-19 вакцинациясының аяқталған курсы.

Сондай-ақ вирустың таралу қаупін азайту үшін барлық алдын-алу шараларын сақтау қажет: маска кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау, қол гигиенасы, үй-жайларды желдету және т.б.