Елімізде коронавирустың 96 түрі таралған

Елде коронавирустың жаңа бір түрі анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, Eta штамы төрт өңірде таралған. Нақтыласақ, Маңғыстауда екеу, Қарағанды, Павлодар, Нұр-Сұлтанда бір-бір адамнан табылды. Қазір біздің елде коронавирустың 96 түрі мәлім. Ең көп таралғаны – үнді штамы.

Нигериялық Eta штамы – коронавирустың мутацияға ұшыраған бір түрі. Ол алғаш рет 2020 жылдың желтоқсанында Нигерияда анықталды. Бүгінде Eta штамы әлемнің 77 елінде табылған. Мамандар вирустың Eta түрі өте жылдам тарайтынын айтады. Алайда зардабы өзге штамдарға қарағанда жеңіл делінеді. Бүгінгі таңда ғалымдар коронавирус инфекциясының мутацияға ұшыраған 16 мың түрін анықтаған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 дертінің штамдарын «қауіп төндіретін» және «қызығушылық танытатын» деп екі типке бөліп отыр. Біріншісіне «альфа», «бета», «гамма» мен «дельта» штамдары кірсе, екінші түріне «йота», «каппа», «лямбда» мен «мю» штамдары жатады.