Алтай Көлгінов елорда тұрғындарын қабылдады

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов онлайн режимде тағы 14 отбасын қабылдады. Бұл туралы қала басшысы Instagram парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Қала тұрғындарын апта сайын қабылдаймыз. Онлайн режимде тағы 14 отбасы қабылданып, шамамен 30 сұрақ талқыланды. Сұрақтардың бір бөлігі қабылдауда бірден шешімін табады, ал өзгелері бойынша жұмыс істейміз. Сұрақтарды орта мерзімді және қысқа мерзімді деп бөлеміз. Қабылдауларда әр түрлі мәселелер көтеріледі. Үлестік құрылыс нысандары бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын әлеуметтік нысандар құрылысының көлемін ұлғайтамыз (қолжетімді жеңілдікті тұрғын үй, мектептер, медициналық орталықтар және т.б.), Елорда аудандарын «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында орталықтандырып дамытамыз. Оқу жылы басталғанын ескере отырып, білім беру саласы бойынша сұрақтар көтеріліп жатыр. Биыл жаппай оқыту аясында материалдық көмек көрсетілген оқушылар саны артты. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан әрбір оқушыға 40 мың теңгеден бөлінді. Көмектің бұл түрімен 18 мыңнан астам оқушыны қамтимыз. Сонымен қатар, оқушыларға көмек көрсетуге бағытталған өзге де бағдарламалар бар», - деп жазды елорда әкімі.