Whats‘App мессенджерінде балаларға арналған жұқпалы аурулар бөлімшелерінде төсек-орындар дайын екендігі туралы аудиохабарлама таратылуда. Автордың айтуынша, олар мектептерде вакцина шашқаннан кейін қажет болады, балалар жаппай ауырып өле бастайды. Бұл фейк, деп хабарлады Stopfake.kz.
Бұл ақпаратты Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жоққа шығарды.
– Балаларға арналған қосымша инфекциялық төсек-орындар дайындау туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бүгінгі таңда, керісінше, КВИ-мен сырқаттанушылықтың төмендеуіне байланысты жұқпалы аурулар стационарлары жабылуда. Сондай-ақ бөлмеде бүрку арқылы қолданылатын вакцина жоқ, – деді ведомствоның ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Бұл ата-аналар арасында дүрбелең туғызған дыбыстық хабарламалар бұған дейін де тараған болатын. Stopfake.kz Тараз және Шымкент қалаларында балаларды белгісіз бағытта эвакуациялап, аузына тамызу арқылы егетіні туралы фейкті жоққа шығарды.
