Алматыда тұрғындар үйдің жертөлесінде жүріп жатқан құрылысқа қарсы

Алматыдағы көп қабатты тұрғын үй кешенінің тұрғындары ғимараттың астыңғы қабатында жүріп жатқан құрылысқа қарсы. Мұндағы жұртшылықтың айтуынша, паркингке арналған жерден кәсіпкерлік нысаны салынып жатыр. Салдарынан үйдің іргетасына зақым келтіруі мүмкін. Жұмысшылар бұзуға болмайтын тірек қабырғаны теспек болған. Бір қызығы, құрылысты қандай компания жүргізіп жатқанын ешкім білмейді. Тұрғындар тиісті мекемелерге бірнеше рет шағым түсіргенімен әзірге жауап болмай тұр.

Дәл аулада құрылыс басталғалы бері «Т-Тowers» кешені тұрғындарынан маза кеткен. Расымен жөндеу жұмыстары үйдің ең астыңғы қабатында жүріп жатыр. Мұндағы жұртшылықтың болжамы бойынша мұнда қоғамдық тамақтандыру орыны болады. Осылай құрылыс жалғаса берсе тірек қабырғаларға зақым келеді, деп алаңдайды. Себебі жұмысшылардың мүлдем бұзуға болмайтын қабырғаны тескілеп жатқандарын өз көздерімен көрген.

Андрей Кузнецов, қала тұрғыны: 

- Иә, қабырғаны бұрғылап тесіп жатқанын көрдік. Бірден полицияға хабарластық. Одан кейін олар құрылысты тоқтатқандай болған. Ал қазір онда не болып жатқанын білмейміз. Себебі ол жаққа өтетін тұсқа есік қойып тастапты. Біздің жазбаған жеріміз қалмады. Әзірге ешқайсысынан көмек болмай тұр.

Бұл үй 2011 жылы пайданалануға берілген. 20 қабаттан тұрады. Ондағы 62 пәтердің иелері түгелдей паркингке тиесілі аумаққа дәмхана ғана емес, қандай да бір нысанның салынғанын қаламайды. Олар онсыз да тар аулаға көлікпен қоса тұрғындардың да кіріп шығуын қиындатып жібереді. Сондықтан астыңғы қабат тек қана көлік тұрағына арналуы тиіс, деп санайды.

Ләйлім Рыспаева, тұтынушылар кооперативінің төрайымы:

- Біздің ойымызша, бұл заңсыз құрылыс. Естуімізше, дәмхана немесе мейрамхана болуы мүмкін. Оның арнайы желдеткіш шахтасы да жоқ. Сондықтан әрине осы үйдікіне қосылады. Сондай-ақ құрылыстың кесірінен балаларымыз ойын ауласына өте алмай қалды. Меншік иесі ол жерді жауып тастады. Оған қоса көлік жуатын орынды іске қоспақ. Мұнда тұрғын үйлер өте тығыз орналасқан. Ал осының бәрі салынса қозғалыс тіптен қиындай түседі.

Тұрғындар өздері айтқандай-ақ, шағымдарын айтып прокуратураға, қала құрылысын бақылау басқармасына және әкімдікке де барған. Әзірге нақты жауап жоқ.

Дархан Тайсаринов, қала құрылысын бақылау басқармасының бас маманы:

- Бізге «Т-Тауэрс» тұтынушылар кооперативінің атынан екі мәрте шағым келіп түсті. Өкінішке орай, меншік иесінің кім екенін анықтау үшін Азаматтарға арналған үкіметке сұраныс жасап едік. Біле алмадық. Себебі онда тіркелмеген болып шықты. Енді рұқсаттың бар-жоғын анықтау үшін тұрғын үй кешенін салған компанияға қатысты жоспардан тыс тексеріс жүргізу жағын қарастырамыз. Біз талап бойынша құрылыстың жүріп жатқандығынан хабардар болуымыз тиіс. Бірақ бұл нысаннан ондай хабарлама түскен жоқ.

Қазір шағын және орта бизнес нысандарын тексеруге мораторий жарияланғаны белгілі. Сондықтан тексеру шаралары тек қала әкімінің ұйғарымынан соң ғана белгілі болады. Ал оған дейін 20 қабатты үй тұрғындары үреймен өмір сүрмек. Себебі астыңғы қабатта құрылыс тоқтаусыз жүріп жатыр.

Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев