Ақтауда 14 басшыға алты млн теңгеден астам заңсыз сыйақы төленген

«Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында бұрын басшылық қызмет атқарған 14 азаматқа 6 млн теңгеден астам заңсыз сыйақы төленген.

Енді олар қаржыны 1 апта ішінде кері қайтаруға міндеттелді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аймақтық департаментінің өкілдері осылай дейді. Компания соңғы 3 жылда 7 млрд теңге шығынға батқан. Бұл мәселе жыл сайын ауысатын басқарма төрағаларының қызметкерлерге жомарттық танытып, сыйақы беруіне кедергі болмапты. 1 айдан аз уақыт жұмыс істеген және тәртіптік жазаға тартылған азаматтарға да жалпы сомасы 1 млн 200 мың теңге сыйақы берілген. Корпорацияға жаңа қызметкердің жұмысқа алынуына да басқарма төрағасы тікелей араласып келген.

Қуаныш Мырзағали, ҚР СЖҚІА облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары:

- Кандидаттардың барлық тағайындаулары басқарма төрағасының қалауы бойынша ғана жүргізілген. Мысалы, 2018 жылы 42 қызметкер, 2019 жылы 27, 2020 жылы 19, ағымдағы жылдың бес айында 8 қызметкер осылай тағайындалған. Мұндай жағдай сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоғары деңгейімен қоғамның кадр саясатын іске асыруының ашық еместігін куәландырады. Өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына үлес қоса алатын білікті, жоғары білімді, тәжірибелі мамандарды іріктеуге мүмкіндік бермей отыр.