Жайық өзені тартылып барады

Жайық тартылып барады. Атыраулық экологтар осылай деп дабыл қақты. Айдыны шалқып жатқан өзен қазір тобықтан аспайды. Мұнайлы шаһардың іргесіндегі Алмалы ауылының тұрғындары Жайықты кешіп өтіп жүр. Өзеннің әр жерінде аралдар пайда болған.

Өткел бермейтін өр өзеннің қазір қуаты қайтқан. Осыдан 30 жыл бұрын Жайыққа 9 млрд текше метр су жиналатын еді. Ал қазір трансшекаралық өзендегі су көлемі 3 есеге дейін төмендеген. Дер кезінде түп тереңдету жұмыстары қолға алынбаса Жайықтың жағдайы экологиялық апатқа ұласады. Табиғат жанашырлары осылай деді.

Арман Хайруллин, қоғамдық қозғалыс төрағасы:

- 2004 жылдан бері түп тереңдету жұмыстары осы перекаттарда жүрген болатын. Барлығы 16 перекат тазаланды. Бірақ бұл тағы бірнеше жерде осындай тұстар қаралмай кеткен. Яғни жобаны жасау кезінде зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Жалпы перекаттардың саны, біз білсек, 36-дан асып жығылады. Мемлекетаралық келісімдер жүзеге аспай жатыр. Мемлекетаралық комиссияның да жұмысы белгісіз. Қандай талаптар қойылды, қандай жұмыстар жасалуы керек, қандай мәмлеге келді, ешқандай ақпарат жоқ.

Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы 4 жылда өзендегі су деңгейі 60 процентке дейін төмендеген. Жайық өзенінің 51 шақырымын, Қиғаш өзенінің 240 шақырымын түп тереңдету үшін жобалық-сметалық құжаттама жасақталған еді. Жауаптылардың сөзінше, бұл жұмыстар келесі жылы басталады.

Нұрлан Жантоқов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

- Облыс көлемінде 2017-2020 жылдары Жайық және Қиғаш өзендерінің 152 шақырымында түп тереңдету жұмыстары жүргізіліп, Жайық өзенінің 43 шақырымы, Қиғаш өзенінің 109 шақырымына жұмыстар аяқталды. 2022-2024 жылдары Жайық өзені бойынша 51,5 шақырымына республикалық бюджеттен 6 млрд теңге бөлу жоспарланып, оның 2022 жылға 2 млрд теңгесіне бюджеттік өтініш берілді.

Асланбек Шығыр, тілші:

- «Жайық деген жанды су» деп кезінде ақындар жырлаған өзеннің сиқы дәл бүгін міне осындай. Кезінде өткел бермейтін өр өзеннің қазір арғы бетінен бергі бетіне суды тобығыңыздан кешіп жүріп өте аласыз. Кезінде арнасынан тасып жататын, қазір жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрған Ойыл, Жем, Сағыздың күйін бұл Жайықтың кешпесіне кім кепіл?! 

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов

Сондай-ақ...