ШҚО: шаруалар шөпті бөлек-бөлек жинап, арасындағы жерді жыртып тастады

Шығыс Қазақстан облысында азды-көпті мал бағып отырған шаруалар қыстан қалай шығамыз деп алаңдайды. Өйткені өңірде шөп тапшы. Әбден титықтаған жұрт шалғайдағы шабындықтарға орақ салып, амалдап жатыр. Жығылғанға жұдырық - өлкеде өрт оқиғасы жиілеп, жаз бойы 2 мың тоннаға жуық шөп отқа оранған. Әсіресе Тарбағатай, Аягөз аудандары қызыл жалыннан зардап шекті. Қазір өрт сөндірушілер шаруашылықтарды аралап, рейд шараларын өткізуді жиілетті. 

- Егер өрт тисе лезде жанып кетеді ғой иә, мынау?

- Иә, мынау кепкен шөп қой, кептілірген кепкен шөп. 

Болат Жотабаев әупірімдеп жинаған 5-6 мая шөбін өрттен қорғау үшін барынша қам жасапты. Алда-жалда шоқ тисе бірі болмаса бірін сақтап қалу үшін маяларды 50 метр қашықтыққа үйіп, арасындағы жерді жыртып тастаған. Әйтпегенде ше. Жағдай қиын. Мал азығы жылдағыдан 4-5 есе аз жиналды. Шаруа бұрындары жинаған шөбін сатылымға шығаратын еді. Биыл өз малыма жетсе қуанамын дейді.

Болат Жотабаев, шаруа қожалық жетекшісі:

- Енді осылай болса, ауыл шаруашылығына қиын болады енді, мал ұстауға қиын болады, шөптің 1 тюгі 10 мың жоқ дегенде, кейбірі одан да артық сатып жатыр.

Қурап тұрған маяны от жалмаса қорадағы мал аштан қырылды дей беріңіз.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Шөпті егу бар, шабу бар, жинау бар, жаз бойы маңдай термен келетін қыруар еңбек. Осы жерде дәл қазір 50 тоннасы үйіліп тұр. Алайда осыған бір кішкене шоқ тисе болғаны 7-10 минуттың ішінде отқа оранады. Оны сақтап қалу еш мүмкін емес.

Шоқ тиген шөптің қаншалық жылдам жанатынын өрт сөндірушілер шын мәнінде көрсетіп берді. Кішкене бір шөмелеге от тигізіп еді, әп-сәтте күлі ғана қалды.

Жадыра Аманғалиқызы, ШҚО ТЖД Бас маманы:

- Көкпекті, Тарбағатай, Аягөз аудандарыда тіркеліп тұр. Жалпы осы күнге дейін өртенген шөп көлемі десек, 1900 тоннадан астам шамасында шөп өртенді, себебі қарапайым өрт ережелерін сақтамау.

Жау жағадан алғанда бөрі етектен тартады демекші, құрғақшылық бір жағынан, өрт екінші жағынан қысқан уақытта мал азығының құны да шарықтап тұр. Бір тоннасы 45-50 мың теңге. Былтыр бұдан 3 есе арзан еді. Қазір тарыққан тұрғындар ең шалғай жердегі шалғынға орақ салып жатыр. Сондықтан шаруалар әрең жинаған мая-мая шөбін көздің қарашығындай сақтап отыр. Өрт сөндірушілердің әрбір ескертуін елеп, қауіпсіздік талаптарын күшейтуде.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов