Нұр-Сұлтанда учаскелік полиция Telegram қосымшасын пайдалануды көздеп отыр

Елордада учаскелік полиция инспекторлары тұрғындардың арыз-шағымын қабылдау үшін «Телеграм» мобильді қосымшасын пайдалануды жоспарлап отыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының жергілікті полиция қызметінің басшысы Арман Айтмағамбетов мәлімдеді. Бұл тәжірибе тәртіп сақшыларының халықпен тиімді байланысын оңтайландыруға көмектеседі.

Арман Айтмағамбетов, НҰР-Сұлтан қалалық ПД жергілікті полиция қызметінің басшысы:

- Бұған дейін тәртіп сақшылары ватсап қосымшасын пайдаланып келді. Бұл тәжірибе оң әсерін тигізді. Сервистік моделі енгізілгеннен кейін құжат айналымының бір бөлігі электрондық форматқа ауысып, қағазбастылық азайды. Шағымдар да электрондық форматта жиі түсетін болды. 

Сондай-ақ күз бойы қалада «Учаске» атты жедел алдын алу шарасы өтеді. Оған қаладағы 309 учаскелік инспектор тартылған. Сонымен қатар полиция департаментінде жаңа студия ашылды. Онда апта сайын бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен ресми кездесу өтеді.