Ираннан келген қандастарға Солтүстік Қазақстаннан жаңа үйлер берілді

Ираннан келген қандастар Солтүстік Қазақстан облысына жайғасты, деп хабарлайды «Хабар 24». 20 отбасы «Еңбек» бағдарламасы бойынша Есіл және Шал ақын аудандарына қоныс аударған. Қазір жаңа үйге кірді. Көпшілік атажұртқа оралған ағайынды «ақсарбас» айтып қарсы алды. 

Сұр бұлт. Дымқыл тұман. Қоңыр күз. Солтүстік Қазақстан қандастарды күннің суығымен қарсы алса да, жылы шырай танытты.

Тарихи Отанына табаны тигендердің бірі – Нажиб Қазақ. Төрт баланың әкесі. Егіз қыздарына 4-ақ ай болыпты. Иранда туып өскен қандас бауырымыздың қуанышында шек жоқ. Бүгін аңсаған ата қонысынан үй алып жатыр.

Нажиб Қазақ, қандас:

– Керемет сезімдемін. Қуанып тұрмын. Өз жерімді көріп, өз ата-бабаларымның топырағына келіп қатты қуаныштымын. Келіншегім де қатты қуанышты. Сосын, иншалла, қалған өмірімді осы жерде өткіземін деп арнайы келдім. Өзім өзіме сыймай тұрмын.

Бір қауым қандас Николаевка ауылына қоныстанды. Оларға «Еңбек» бағдарламасы бойынша салынған жаңа үйлер берілді. Басқа да жағынан қолдау болады.

Еділ Тұтқышев, Есіл ауданы әкімінің орынбасары:

– Келген қандастарымыз мынау мемлекеттік «Еңбек» бағдарламасына легіп жатыр. Әр отбасына 204 мыңнан субсидия алынады. Және де 500 мыңнан аса грант көмек бастапқы көмек алу мүмкіншіліктері болады.

Солтүстік Қазақстан облысына Ираннан 20 отбасы – барлығы 60 адам көшіп келді. Олардың арасында мұғалім, тігінші, құрылысшы секілді тағы басқа мамандық иелері бар. Көш тоқтамайды.

Арман Сүйіндіков, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының СҚОФ жетекшісі:

– Иранда қазіргі уақытта 10 мың этникалық қазақ тұрады. 1 мың 500 отбасы сол жақта тұрады. Горган, Бүржі қалаларында көп қазақ тұрады. Олардың да келгілері келеді.

Олар үшін жаңа өмір басталды. Көз ашқалы қар жаумайтын Иранда тұрған қандастарымыз бүгін бірінші рет пеш жағып жатады. «Атамекеннің күні де ыстық, түні де ыстық», – дейді олар.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Сондай-ақ...