Ақтөбеліктер автобус аялдамасының жоқтығынан суықта тоңуға мәжбүр

Ақтөбеліктер автобус аялдамасының жоқтығынан суықта тоңуға мәжбүр

Ақтөбеде аялдама жетіспейді. Қазірдің өзінде 60 павильон қажет. Бірақ жолаушылардың жайы билікті ойландырмайтын болса керек, ешқандай ақша бөлінбеген. Сөйтіп күн санап өсіп келе жатқан шаһар аумағында пайда болған жаңа шағын аудандар мен бірнеше елді мекен тұрғындары күнге күйіп, суыққа тоңуға мәжбүр. Желдің өтінде тұрып автобус күтеді. Бұл туралы «Хабар 24» тілшісі хабарлайды.

Аялдама павильондары аз мекеннің қатарында «Нұр-Ақтөбе» қалашығы да бар. Мұндағы шағын аудандарды жалғайтын ұзын жолдың бойында автобус тоқтайтын бірнеше жер болғанымен, қоғамдық көлікті күткен жолаушыны ыстық пен суықтан қорғайтын жабдықталған аялдама жоқ. Ал қалашық аумағы жыл өткен сайын ұлғайып, халық саны да көбейіп келеді.

Дәл осындай мәселе қазір бірнеше елді мекенде де бар. Оның ішінде облыс орталығына тиіп тұрған Оңтүстік-батыс, Жаңақоныс және Заречный ауылдарында да өзекті. Жауаптыларға талай өтініш айтқан тұрғындар биыл да тілектерінің орындалатынына үміттеніп отыр.

Бүгінде қала бойынша 300-ден астам аялдама повильоны бар. Бірақ келбеті мен пішіні әр түрлі. Көздің жауын алатын қанық түспен боялғандарын да, әйнекпен қапталғандарын да және тек темірден жасалғандарын да кездестіруге болады. Ал тиісті талапқа сай жан-жағы қоршалған аялдамасы жоқ жерлердегі мәселенің қашан шешілетіні белгісіз. Себебі, бюджеттен бұл үшін көк тиын қарастырылмаған. Сондықтан жергілікті билік проблеманы кәсіпкерлер көмегімен жоймақ. Жоспар толық жүзеге асқан жағдайда қаладағы барлық аялдама бір типті болмақ. Оның нақты нұсқасы былтыр бекітіліп, қазірдің өзінде Ақтөбеде 15-і қойылған.

Сұлтан Аманшин, қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Бүкіл кәсіпкерлерге эскиздерді көрсетеміз. Өз есебінен істейді. Бюджеттен ақша бөлінбейді. Ол жер кәсіпкерлерге беріледі. Ол 20 жылға созылады. Сол себептен енді тұрақты болған соң, олар сондайға барады. Ол деген негізі маңызды жұмыс.

Жаңа үлгідегі аялдама повильоны үш бөліктен тұрады. Оның екеуі жолаушыларға арналса, бірі азық-түлік сататын орын болады. Бірақ қаладағы автобус күту орындарын бекітілген негізде жаңарту кәсіпкерлердің ынта-ықыласына тікелей байланысты. Ал бір аялдаманы жасақтау шамамен 8 млн теңгені құрайды.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков