Түркістан облысында ғасыр жасаған қариялар санаққа қатысты  

Түркістан облысының Жетісай ауданында жасы жүзден асқан әже жалпыұлттық халық санағына онлайн қатысты.

Забира Смаиловаға Ералиев ауылдық округі әкімдігінің мамандары көмектесті. Бәйтерек елді мекенінде тұратын Забира әже 1920 жылы дүниеге келіп, аштықты да, соғысты да көрген. Кейуана 9 перзентінен 40 немере, 120 шөбере сүйіп отыр.

«Халық санағының жүргізілуі дұрыс, кейін мектеп пен балабақша салады», –дейді қарт ана.

Қазір Забира әженің үлкен ұлы Төлеген Смаилов 70-тен асып, ауыл қариясы атанған.

Жалпы Жетісай ауданында жасы 100-ден асқан 6 адам бар. Барлығы да санаққа онлайн тіркелді.

Айта кетейік, Түркістан облысында 2 млн 61 мың адам тұрады. Бүгінге дейін соның 340 мыңға жуығы санаққа қатысты.

Забира Смаилова, Жетісай ауданының тұрғыны:

– Бастарыңа бас қосыла берсін. Жастарыңа жас қосыла берсін. Өсіңдер, өніңдер, көбейіңдер. Немере-шөбере көріңдер. Бақ қонсын, қыдыр дарысын. Несібелерің мол болсын. Достарың көп болсын. Дұшпандарың жоқ болсын. Әумин!