Қазақстанда әуе тасымалының ережелері өзгереді

Қыркүйектің 26-нан бастап Қазақстанда әуе арқылы жолаушы мен жүк тасымалының ережесі өзгереді.

Бұдан былай, ұшаққа отырмас бұрын жүкті әйелдер өзінің денсаулығына қатысты анықтама қағазын тапсыруы қажет.

Нақтырақ айтсақ, әуе сапары жүктілігінің 34 аптасынан кейін болса, тиісті медициналық мекемеден 026-шы форманы беруі тиіс.

Егер егізге аяғы ауыр болса, 32-аптадан кейінгі сапарға да осындай құжат тапсыру міндеттеледі. Құжаттың жарамдылық мерзімі 30 күннен аспауға тиіс.

Ал босанатын мерзіміне 1 апта қалса, онда әуе компаниясы жүкті әйелді бортқа отырғызбау құқығына ие болмақ.

Жаңарған ережеге сәйкес, жолаушы әуе рейсіне билет сатып алған жағдайда, тасымал ережесімен танысып, автоматты түрде әуе компаниясымен келісім жасаған болады. Оған қоса, сатылатын билет саны әуе кемесіндегі орын санынан аспауы шарт.

Сонымен бірге, әуе компанияларына қойылатын санитарлық-гигиеналық талаптар күшейеді.