426,32 496.50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

«100 жаңа оқулық» қазақ тіліне аударылды

  • 166
  • UPD: 13:29, 22.09.2021
«100 жаңа оқулық» қазақ тіліне аударылды

Әлемнің үздік оқулықтары мен түрлі жанрдағы кітаптары қазақша сөйлейді. Бүгін «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған 100 оқулық таныстырылды.

Елордада өткен шараға Мемлекеттік хатшы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев қатысып, мұндай жобаның өзге бірде-бір елде жүзеге асырылмағанын атады. Аударма жұмысын «Ұлттық аударма бюросы» ұйымдастырды. 100 кітап, 4 жылда толық тәржімаланды. Әр оқулық 10 мың данамен шығып, еліміздің оқу орындарына таратылған. Ал электронды нұсқалары «Қазақстанның ашық университеті» порталына орналастырылып, еркін қолданысқа берілді.

Қырымбек Көшербаев ҚР мемлекеттік хатшысы:

– Дүниедегі ең озық оқу орындарының бағдарламасына кірген ғылыми әдебиет, академиялық бестселлер еңбектер қазақ тіліне аударылды. Олар бұған дейін әлемнің ондаған тіліне аударылып, ілгері дамыған қоғамдарда миллиондаған тиражбен тараған. Біздің де оқытушылар мен студенттердің осындай мазмұнға қол жеткізуі – үлкен олжа. Бұл, қажет десеңіздер, «Болашақ» бағдарламасының ауқымы кең жалғасы. «Болашақ» бағдарламасының арқасында біздің 20 мыңдай студентіміз әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерінде білім алды. Ал енді өз елімізде оқитын жарты миллион қазақстандық студент сол Кембридж, Оксфордтың, Гарвардтың үздік оқулықтарымен қазақ тілінде білім алады. Мұндай бағдарлама әлемнің басқа бірде-бір елінде жоқ. Оның ауқымы қандай кең болса, мемлекет пен қоғам алдындағы жауапкершілігі де сондай ауыр. Сол себепті бұл жоба алғашқы күннен қоғамның назарында, мемлекеттің қадағалауында. Аударма сапасы және мазмұны тұрғысынан, сондай-ақ жұмысты ұйымдастыру тұрғысынан бұл жоба қоғам және тиісті мемлекеттік органдар тарапынан оң бағасын алды. Сондықтан «Ұлттық аударма бюросы» өз міндетін тиісті деңгейде атқарды деп ойлаймыз. Ол үшін бюро қызметкерлері мен жобаға қатысқан барлық мамандарға ризашылық білдіреміз.

Аударылған оқулықтардың толық тізімі мен оқулықтардың электронды нұсқаларын 100kitap.kz сайтынан табуға болады.

Хабар 24 телеарнасы