Мәжіліс депутаты несие мөлшерлемесін төмендетуді сұрады

Елде несие мөлшерлемесін төмендету керек. Бүгін Мәжіліс депутаты Андрей Линник осындай ұсыныс жасап, Үкіметке сауал жолдады.

Оның айтуынша, қазақстандықтардың басым бөлігінде кредит бар. Ол жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның қажет екенін де атап өтті. Құжатта кепілдегі үйінен айырылғандардың мәселесі назардан тыс қалмау керек. Сот орындаушылары мұндай баспананы тартып алғанда, сол үйді бағалау құнының ауытқуы 15 проценттен аспағаны жөн. Депутаттың пікірінше, банктердің саясаты қайғылы оқиғаға әкеп соқтыруы мүмкін. 2 екі күн бұрын Алматы тұрғыны мүлікке талас кезінде оқ атып, салдарынан 5 адам қаза тапқан еді.

Андрей Линник, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Әрине, банктер ең алдымен өз пайдасын ойлайды. Бірақ кепілдегі баспананы бағалау кезіндегі сома несиеге қарағанда 30-40 процентке төмендейді. Біз бұл көрсеткіш 15 проценттен жоғары болмау керек деп есептейміз. Кезінде біз осы мәселені шешуге бағытталған заң жобасын әзірлеген болатынбыз. Бірақ Үкімет тарапынан қолдау таппадық. Алматыдағы оқиға сот шешімдерінің әділсіздігін дәлелдейді.