Кәсіпкерлерге 64 млрд 700 млн теңгенің несиесін беру жоспарланған

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры биыл сегіз мыңға жуық шағын несие берген. Жеке кәсіп ашып, бизнесті дамытқысы келетіндерге 47 млрд теңге шамасында қаржы бөлінген. Несиенің басым бөлігі «Еңбек» бағдарламасы арқылы мақұлданған. Жалпы қордың көмегіне жүгінетіндер саны жыл санап артып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біраз жыл ұялы байланыс саласында жұмыс істеген Еркін Исмурзин былтыр жеке кәсібін ашуға бел буыпты. Жас жігіттің жобасы ауылшараушылығын қаржылай қолдау қоры мамандарының көңілінен шығып, 4 миллион теңгеге жуық несие берген.

Еркін Исмурзин, кәсіпкер:

– Несиені алты жарым жылға алдық. Жылдық Ауылпайызы алты пайыз мөлшерімен алдық. Және де бұның бір ерекшелігі бір жылдан кейін ғана алғашқы төлемді төлейміз. Бұл өте тиімді.

Несиеге екі мың бас қаз балапанын сатып алған Еркін қазір ауылда құс шаруашылығын дамытып отыр. Ал Татьяна Фединаға кәсібін өзгертуге пандемия себеп болған. Үш ай бұрын ашылған цехта пластикалық түйіршектер шығарылады.

Татьяна Федина, кәсіпкер:

– Алғашқы келісімшарттар жасадық. Бізбен тұрақты жұмыс істегісі келетін адамдар бар. Нарықты зерттей келе, елімізде дайын пластикалық түйіршектер шығаратын өндіріс орындары сирек екендігін білдік. Облыста тіпті жоқ десе болады. Сондықтан біздің өнімге сұраныс бар.

Соңғы бес жылдың ішінде Ауыл шаруашылығын қолдау қорының қостанайлық филиалы тек қана Еңбек бағдарламасы шеңберінде 5 мыңнан астам адамға шағын несие берген. Оның басым бөлігі ауылдықтар.

Ақмарал Төленова, Ауыл шаруашылығын қолдау қорының несиелеу бөлімінің басшысы:

– 2021 жылға облысқа «Еңбек» бағдарламасына 1 млрд 316 млн теңге қаралған. Бүгінгі күні бұл қаржы толық игерілді. Несиелерін өтеген кейбір кәсіпкерлер бизнестерін кеңейту үшін қайта қаржыландыруды сұрайды. 

Биыл Ауыл шаруашылығын қолдау қоры 64 миллиард 700 мың теңге несие беруді жоспарлап отыр. Бұл қаржыға шамамен 12 мың кәсіпкердің жобасын іске асыруға болады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг