Павлодар облысында жыл басынан бері 214 жүкті әйел коронавирус жұқтырған

Павлодар облысында коронавирус жұқтырған жүкті әйелдер саны азайып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Инфекциялық-акушерлік госпитальдегі жағдай тұрақтала бастады. Пандемия ушыққан кезде қалалық перзентхана қайта жабдықталып, госпитальге айналған еді. Жыл басынан бері вирус жұқтырған 214 әйел нәрестелі болды. Сәбилер ПТР-тестілеуден өткен. Олардың 23%-інен инфекция анықталды. Мамандардың айтуынша, нәрестелердің жағдайы жақсы, көбінде симптомыз өтуде. Жағдайы тұрақталған ана мен бала амбулаториялық бақылауға алынады.

Айта кетейік, оқу жылы басталғалы 249 оқушы індет жұқтырған облыстың 100 мектебінде 245 сынып карантинге жабылды.

Марат Мырзабеков, Павлодар қалалық перзентхананың бөлім меңгерушісі:

- Ем барысында күрделі жабдықтарды қолдандық. Ауыр халде түскен жүкті әйелдер болды. Біздің мақсат ана мен баланы аман алып қалу. Әйелдер босанған соң коронавирустық инфекциямен күресуді тоқтатпаймыз. Осы жылдың шілде-тамыз айларында ауру жұқтырғандар көптеп түсті. Қазір жағдай тұрақты. Науқастар азайып келеді.